Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Бұл шараға ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, университет ректорлары, ҒЗИ басшылары мен министрлікке қарасты ұйымдардың жетекшілері және сарапшылар жиналды. Күн тәртібінде кадрлар даярлау, инновациялар, технологиялар және өнеркәсіппен ынтымақтастық мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Министр Саясат Нұрбек өз баяндамасында 2024 жылғы жетістіктерді, министрліктің негізгі бағыттарын және 2025 жылға арналған мақсаттар мен міндеттерді толығырақ баяндап, бұл мәселелер бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Министрдің айтуынша, барлық азаматтар үшін қолжетімді жоғары білім беру — министрліктің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта 2024-2025 оқу жылына 94 251 грант бөлінді, сондай-ақ бакалавриат студенттеріне стипендия 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға артты.
2024 жылы алғаш рет сараланған гранттар енгізілді. Жаңа модель бойынша мемлекет оқу ақысының 50%-ын өтейді, ал студенттер толық стипендия алады.
«Бұл қадам студенттердің қаржылық жүктемесін жеңілдету және олардың оқу жағдайларын жақсарту мақсатында жасалды», — деді министр.
Өткен жылы маңызды мәселенің бірі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу туралы заң жобасы қабылданды. «Келешек» жүйесі ата-аналарға балаларын болашақта оқыту үшін қаржы жинақтауға мүмкіндік береді және мемлекет тарапынан біржолғы білім капиталы қарастырылған.
Министрлік сондай-ақ Қазақстанды Орталық Азияның жетекші білім беру хабы ету мақсатында халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтіп, шетелдік студенттер үшін жағдайды жақсартуды көздеп отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда 12 елдің 34 жоғары оқу орнымен стратегиялық серіктестіктер орнатылған. Сондай-ақ елімізде Ұлыбритания, Италия, Қытай, Ресей, АҚШ, Франция және Оңтүстік Кореяның 23 жетекші университетінің филиалдары ашылды.
«Қазақстанды Орталық Азиядағы білім беру және ғылыми алмасудың орталығына айналдыруды мақсат етіп отырмыз, әлемнің түкпір-түкпірінен ең үздік серіктестерді тарта отырып, шетелдік университеттердің филиалдарын ашу және шетелдік студенттердің біздің білімімізге деген қызығушылығы таңдалған бағыттың дұрыстығын көрсетеді», — деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Қазақстанда қазіргі таңда 31 500 шетелдік студент білім алуда, олардың қатарында Азиядан келген студенттердің саны ТМД елдерінен келгендерден артты.
Шетелдік университеттер Қазақстанда өз филиалдарын ашу арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға да ықпал етіп жатыр. Мысалы, De Montfort University 16 миллион АҚШ долларын, ал Coventry University 50 миллион АҚШ долларын инвестициялады. Сондай-ақ Лу Бань шеберханаларына 8 миллион юань бөлінді. Бұл инвестициялар білім беру инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және еліміздің экономикасына қосымша мүмкіндіктер жасауға септігін тигізуде.
Білім беру процесіне инновациялық технологияларды енгізу аясында министрлік әлемдегі технологиялар саласындағы көшбасшылармен, мысалы, Coursera, Google, Nvidia, Huawei Technologies Kazakhstan, 01 Edu System және Binance Kazakhstan компанияларымен стратегиялық серіктестіктер орнатты. Бұл келісімдер студенттер мен оқытушыларға ең жаңа білім беру платформалары мен курстарға қолжетімділік берді.
«Мұндай әлемдік алпауыттармен серіктестік оқытушылар мен студенттердің біліктілігін арттыруға және білім беру процесіне инновациялық технологияларды енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады», — деп атап өтті министр.
Сонымен қатар алқа отырысында министр отандық ғылым мен технологиялық саясат реформалары аясындағы негізгі жетістіктерге тоқталды.
Министр: «Президентіміз ғылымды дамытуға ерекше назар аударуда. Мемлекет тарапынан ғалымдарға, соның ішінде жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 315 жас ғалымға пәтер берілді. Олардың 290-ы «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылған арнайы несие бағдарламасы бойынша пәтер алды, ал 25-і тегін негізде пәтерге ие болды», — деп атап өтті.
Жиында сондай-ақ Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов сөз сөйлеп, Қазақстанда халықаралық стандарттар мен практикалық тәжірибеге негізделген инженерлік кадрларды даярлау ұлттық моделін дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Бұл модельдің басты аспектілерінің бірі – жұмыс берушілермен белсенді ынтымақтастық. Мәселен, Satbayev University 39 кафедра филиалын өнеркәсіптік кәсіпорындарда, соның ішінде ТОО «Астанинский электротехнический завод» базасында ашты. Сонымен қатар, еліміздің 30 университеті шамамен 100 колледжбен серіктестік орнатып, өзара білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова 2024 жылы жоғары білімнің цифрлық трансформациясы аясында үлкен қадам жасалғанын атап өтті. Олардың бірі өткен жылы Мемлекет басшысына таныстырылған AI-Sana бағдарламасы болды.
«Бұл бірегей бағдарлама 100 мың қатысушыны қамтиды және білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіреді. Бағдарлама Stanford University, Imperial College London сияқты жетекші университеттердің әлемдік деңгейдегі сарапшыларының қатысуымен әзірленді. Біз оның жаңа технологиялар дәуіріне мамандар даярлау үшін берік негіз жасайтынына сенімдіміз», - деді Динара Щеглова.
Сондай-ақ еліміздің жоғары оқу орындары үшін жасанды интеллект стандарты қабылданды. Нәтижесінде 20 жетекші университет 20 білім беру бағдарламасын әзірледі, бұл жасанды интеллекет саласындағы жаңа мамандарды даярлау үшін негіз болды.
Жиын соңында министр Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрлігі білім сапасын жақсарту, ғылымды қолдау және инновациялық технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмысты жалғастыратынын, бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтуға және бәсекеге қабілетті білім беру жүйесін құруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Біз мемлекеттің, университеттердің, ғылыми ұйымдардың және халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктіру еліміздің табысты болашағының кілті болатынына сенімдіміз», - деп Министр алқа отырысын қорытындылады.