Француз компаниялары Шымкентте бірлескен инвестжобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты

Француз компаниялары Шымкентте бірлескен инвестжобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге бастаған француз кәсіпкерлерімен кездесті. EDF, Veolia, AZ Syndicat, C3Medical, Dualest, СП ALMGT, Richel Group сынды жетекші француз компаниялары мен Франция-Қазақстан Сауда-өнеркәсіп палатасының (CCIFK) өкілдері Шымкентте бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.

Қала әкімі мегаполиске көрсетілген ықылас үшін француз делегациясына алғысын білдіріп, бизнес-форум аясында өткен B2B және G2B кездесулері ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

Кездесу барысында 2025–2028 жылдарға арналған ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған Жол картасына қол қойылды. Құжатта мәдени және білім алмасуды дамыту, қала құрылысы, ауыл шаруашылығы және қала инфрақұрылымы салаларында озық француз технологияларын енгізу, сондай-ақ денсаулық сақтау, ғылым және білім беру салаларындағы әріптестікті арттыру қарастырылған.

Бұдан бөлек, келісім туризмді дамытуға ықпал етеді. Оның ішінде Шымкентте Франция мәдениеті күндерін және Францияда Шымкент күндерін өткізу, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсарту мен іскерлік байланыстарды кеңейту шаралары бар. Жол картасын іске асыру қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Шымкенттің тұрақты дамуында маңызды қадам болмақ.

Бұдан бөлек, шара аясында гастрономиялық кешкі ас ұйымдастырылды. Онда әйгілі француз шеф-аспазы Карлос Марсал мен қазақстандық шеф-аспаз Артём Канцев қонақтарға қазақ және француз тағамдарын заманауи үлгіде ұсынды.

Бұл шара Париждегі Мишлен жұлдызына ие мейрамханалардың бірінде қазақ ұлттық асханасының таныстырылымы өткен халықаралық жобаның жалғасы болды. Кешкі астың басты мақсаты – екі елдің мәдени және гастрономиялық мұрасын біріктіру.

Кездесу Мемлекет басшысының инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу шарттарын оңтайландыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылды.

Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Шымкент әкімі Қазақстандағы Франция Елшісі Сильван Гиогемен кездесу өткізген болатын. Келіссөздер нәтижесінде Франция мен Шымкент компаниялары өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілген.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ