Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында «Мансап» орталықтарының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Шараға пробация қызметі есебінде тұрған азаматтар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар мен мүгедектігі бар адамдар қатысты. Жәрмеңкелерде «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Күміс жас» сынды бағдарламалар арқылы бос вакансиялар ұсынылды, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл шара әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетуге, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және кәсіби бейімделуіне ықпал етуді көздейді. Жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, сұхбаттасты. Сондай-ақ, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы толық ақпараттар алды. Нәтижесінде жәрмеңкелерге 529 жұмыс беруші қатысып, 2 мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ, 2318 тұрғын жәрмеңкеге келіп, 1205 адамға тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолдама берілді.
Айта кетейік, жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, облыста 84 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен 38 рет ашық есік күндерін өткізу жоспарланған. Осы жұмыстардың аясында 14 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту көзделген.