Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа жылу беру маусымы қарсаңында елордадағы негізгі жылумен қамту нысандарын аралап, жұмыс барысын тексерді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Шараға энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек, Үкіметтің, қала және аудан әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ энергетикалық компаниялар мен мердігер компаниялардың басшылары қатысты.
Сапардың мақсаты – энергетикалық инфрақұрылым нысандарының жылыту маусымына дайындық барысын тексеру, сондай-ақ жылу энергетикасы саласындағы стратегиялық инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуын бақылау.
· 2-ЖЭО – қаладағы ең үлкен жылу және электр энергиясы көзі 8 энергетикалық қазандық пен 6 ыстық су қазандығынан және 6 турбоагрегаттан тұрады. 2025 жылы станса жабдықтарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 7,3 млрд теңгеден астам қаржы, сондай-ақ инвестициялық бағдарлама бойынша 9,6 млрд теңге бөлінді. 2-ЖЭО-ның жалпы қолжетімді жылу қуаты 1917 Гкал/сағ, электрлік қуаты – 555 МВт.
· 1-ЖЭО – мұндағы қолданыстағы жылу қуаты 794 Гкал/сағ, ал 2025 жылға күрделі және ағымдағы жөндеуге 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
· «Тұран» ГЖС жылу тарату желілерін салу. Жылу магистралінің жалпы ұзындығы 15,2 шақырым, 2025 жылы инвестиция көлемі 18,8 млрд тенгені құрады.
· Қуаты 80 МВА «Арай» қосалқы стансасының құрылысы, жоба 2025 жылы аяқталады.
· Қуаты 620 Гкал/сағ «Тельман» ГЖС құрылысы, жобаны іске қосу 2026 жылдың соңына дейін жалғасуда. Құны – 76,8 млрд теңге.
Тексеру қорытындысы бойынша Роман Скляр барлық жөндеу-құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтаудың, сондай-ақ елорда тұрғындарын жылумен сенімді және үздіксіз қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Анықтама:
Елорданы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету бес негізгі энергия көзінен жүзеге асырылады: 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО, «Тұран» ГЖС және «Оңтүстік-Шығыс» ГЖС. Жалпы қолжетімді жылу қуаты — 4104 Гкал/сағ. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы — 1047 шақырым, 14 сорғы стансасы және 2 жылу тарату пункті жұмыс істейді.
2025–2026 жылдарға арналған негізгі міндеттер – 2-ЖЭО кеңейту, «Тельман» ГЖС құрылысын аяқтау және «Оңтүстік-Батыс» 1 ГЖС жаңа нысандарын іске қосу. Негізгі жабдықтың тозуы 40%-ға жетеді, бұл инфрақұрылымды жаңғырту мен жаңартуға жүйелі көзқарасты талап етеді.