2024 жылы еліміздің жоғары білім саласын ашықтық пен қолжетімділіктің сапалы жаңа деңгейіне көшіру мақсатында Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы іске қосылды. Ол тек процестерді автоматтандыру құралы ғана емес – бұл 2,6 миллион пайдаланушыны, мыңдаған білім беру бағдарламасы мен мемлекеттік жүйелермен ондаған интеграцияны біріктіретін ауқымды цифрлық экожүйе. ҚР ҒЖБМ Цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсету департаментінің директоры Нұрсұлтан Махатов ОКҚ алаңында аталмыш платформаның міндеттері жайында баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, Платформа Министрлік қызметіне қатысты ақпаратты жинау, сақтау, өңдеу және ұсыну үшін құрылған.
«Жүйенің негізгі міндеттеріне келесідей қызметтер жатады: белгіленген кезеңділікпен және заңда көрсетілген мерзімде білім беру мониторингі мақсаттары үшін есептерді қалыптастыру; білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу; жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру; Платформада сақталатын деректер негізінде стипендия төлеу; барлық жоғары оқу орындарының ақпараттық жүйелерімен және мемлекеттік жүйелерімен интеграциялау. Бүгінгі таңда Платформада 700 мыңға жуық білім алушы, 44 мыңнан астам оқытушылар құрамы және 2,6 млн-нан астам түлек туралы мәлімет бар»,-деді спикер.
2024 жылы Платформада 154 мыңнан астам диплом құжаттардың нөмірлері генерациялаудан өтті. Қазіргі уақытта Платформа арқылы 202 мыңнан астам студент стипендия алады. Ағымдағы жылдың қаңтар айында шамамен 13,4 млрд теңге төленді. Бұдан бөлек, 5 мемлекеттік қызмет электрондық форматта көрсетіледі. Сондай-ақ, жүйеде 104 жоғары оқу орнының паспорты бар. Қазіргі уақытта Платформада 8394 білім беру бағдарламаларының деректері сақталған.
Еліміздің барлық жоғары оқу орындарының LMS және SDU, eGov, Халыққа қызмет көрсету, Астана Хаб, Жеке тұлғалардың мемлекеттік деректер қоры, Еңбек.кз, career Enbek сияқты 20-дан астам мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізілді.
«Сонымен қатар 2024 жылы Платформада 8 жаңа модуль жасалды. Олар: «Білім туралы құжаттардың нөмірлерін генерациялау» модулі, «Статистика» модулі, «Мәліметтер» модулінде білім алушылар, түлектер және жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы туралы ақпарат бар. «Мемлекеттік қызметтер» модулі шеңберінде 5 мемлекеттік қызмет көрсету автоматтандырылған, оның 2-і проактивті форматта көрсетіледі. «Стипендияларды қаржыландыру» модулі жоғары оқу орындарының білім алушыларына цифрлық деректер негізінде стипендиялар төлеуге арналған. Платформа арқылы төлемдерге көше отырып, біз стипендия төлемдерінің ашықтығы мен уақтылығын қамтамасыз етеміз. «Тәуекелдерді басқару жүйесі» модулі Smart Data Ukimet ақпараттық-талдау жүйесімен интеграциялау арқылы іске асырылды. Тәуекел дәрежесін бағалаудың бекітілген критерийлері мемлекеттік бақылауды жүргізу үшін адами фактордың қатысуынсыз бақылау субъектілерінің тізімдерін автоматтандырылған түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді. «ЖОО паспорты» модулі құрылымы, студенттер саны, оқу бағдарламалары және инфрақұрылым туралы ақпаратты қоса алғанда, ЖОО туралы негізгі деректерді жинауды және жаңартуды автоматтандырады. Талдау және шешім қабылдау үшін деректердің өзектілігі мен қол жетімділігін қамтамасыз етеді»,-деді ведомство өкілі.
Сондай-ақ Платформада «eGov-mobile» қосымшасымен біріктірілген «Цифрлық құжаттар» сервисі бар, бұл пайдаланушыларға өз дипломдары мен студенттік билеттеріне цифрлық форматта қол жеткізуге мүмкіндік береді. Платформада 2,6 миллион диплом туралы ақпарат қамтылған. «Egov-mobile» қосымшасымен интеграцияның арқасында пайдаланушылар өз дипломдарын цифрлық форматта сақтайды және пайдалана алады, бұл қағаз көшірмелерін ұсыну қажеттілігін болдырмайды, сондай-ақ жұмыс берушілердің құжаттардың түпнұсқалығын тексеру процесін жеңілдетеді.