Қостанайда Қазақстанның солтүстігіндегі ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Тобыл» жаңа көлік-логистикалық кешенінің құрылысы ресми түрде басталды. Нысан қала аумағында орналасады және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген транзиттік стратегияны жүзеге асырудың негізгі нүктесіне айналмақ, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Іске қосу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Кедентранссервис» АҚ Бас директоры Елнар Жұматаев және Allur компаниялары директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысты.
Жоба «Кедентранссервис» АҚ қатысуымен, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда. Логистикалық кешеннің аумағы 133,6 гектарды құрайды, инвестицияның жалпы көлемі – 64 млрд теңге. «Тобыл» КЛК жобалық қуаты – жылына 400 мың жиырма футтық контейнерге (ЖФЭ) дейін немесе 11 млн тоннадан астам жүк.
Кешен логистерді, операторларды, IT мамандарды, қызмет көрсетуші персонал мен жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында 500 жаңа жұмыс орнын құратын болады.
Ұлттық масштабтағы Хаб және болашақ инфрақұрылымы
Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев іске қосу рәсімінде сөйлеген сөзінде жобаның маңызы туралы айтып өтті.
«Біз жай ғана логистикалық хаб салып жатқан жоқпыз, елдің жаңа экономикалық географиясының берік негізін қалап жатырмыз. «Тобыл» логистика, цифрландыру, білім және индустрия тоғысқан зияткерлік алаңға айналады. Мұнда жастар үшін жаңа құзырет, жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Бұл – аймақтық емес, ұлттық жоба, бүкіл елдің өркендеуінің катализаторы. Кешен Қазақстанның жаһандық жеткізу тізбегіндегі позициясын нығайтып, бизнес, инвесторлар үшін және осында, өз отанында өсіп, дамығысы келетін адамдар үшін жаңа көкжиектер ашады», — деді Премьер-министрдің орынбасары.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау 16,8 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4%-ға артық. «Тобыл» КЛК іске қосылуы алдағы жылдары осы көрсеткіштерге қосымша серпін береді деп күтілуде.
Аймақтың индустриалды кластері үшін негіз
«Жаңа кешен кәсіпорындар үшін логистикалық шығындарды төмендетуге, экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға және өңдеу секторына жаңа инвестициялар тартуға және жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Біз «Тобыл» көлік-логистикалық кешені бизнес үшін тартымдылық нүктесіне айналатынына және өңірдің одан әрі өнеркәсіптік дамуына серпін беретініне сенімдіміз», — деп атап өтті «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің директоры Айдын Әлімов.
Кешен Қытай, Орталық Азия, Түркия, Иран, Ауғанстан және Еуропаны байланыстыратын халықаралық көлік дәліздеріне біріктіріледі. «Солтүстік Қазақстан — Оңтүстік Орал» бағыты бойынша да, ҚХР бағытында да жүк айналымының артуы күтілуде.
Кешен аумағында «Бәрі бір жерде» қағидаты бойынша терминалдар, қоймалар, кедендік рәсімдеу, IT және сервистік аймақтар орналасатын болады. Нақты уақытта жүктерді бақылаудың сандық жүйесі қамтамасыз етілген. Құрылысты аяқтау 2027 жылға жоспарланған.
Жобаны жүзеге асырудың өзектілігі
Қостанай облысы еліміздің басты индустриялық орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін бекітуде. Тек 2025 жылдың өзінде қуаттылығы жылына 70 мың автокөлікті құрайтын KIA зауытын, жалпы қуаттылығы 220 мың бірліктен асатын автокомпоненттер мен жиынтықтауыштар өндіретін кәсіпорындарды іске қосу жоспарланған. Ал дамыған логистикасыз мұндай кластер мүмкін емес. «Тобыл» көлік-логистикалық кешені аймақта өндірілетін өнімдердің тұрақты экспортының жүйелі инфрақұрылымдық тірегі болмақ және еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады.