Түркістан облысында 2024-2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынын алдын алу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Сондай-ақ, облыс аумағындағы ауа-райы болжамдарына күнделікті зерттеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Нұрлыбек Рахымбердиев мәлімдеді, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
«Облыс аумағындағы 68,2 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазалаудан өтті. Сонымен қатар, Келес ауданында 14 шақырым арық-атыздар қоқыстан тазартылды. Сайрам ауданында Арыс өзенінің арнасын түзету жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Сауран және Отырар аудандарында - 4 дана су тоспасы орнатылды. Қазіргі таңда Шардара суқоймасынының толуы – 86%, ал Көксарай су реттегішінің толу деңгейі – 32%. Көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жалпы 1 063 жеке құрам, 125 техника, 11 қайық пен 93 мотопомпа, 44 бірлік техника дайындыққа келтірілген. «Қазгидромет» орталығының ақпараты бойынша наурыз айында жауын-шашын мөлшері норма шамасында болатыны және ауа-райының орташа температурасы +3 пен +12 аралығында болатындығы көрсетілген. Қазіргі таңда елді мекен аумақтарындағы қар қоры толығымен еріген» - деді спикер.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен 1-наурыз Азаматтық қорғаныс күніне орай ұйымдастырылатын шаралар туралы сөз қозғады.
«1 наурыз күні - Түркістан қаласындағы «Тұран Молл» ойын сауық кешені аумағында ашық есік күні, құрал-жабдықтар, техникалар көрмесі өтеді. Сондай-ақ, тұрғындар арасында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимылдар бойынша жадынамалар, тарата отырып, оқу-жаттығулар мен флешмобтар өткізіледі. Бұл іс-шаралар 30 наурызға дейін жалғасатын болады» - деді сала маманы.