Шымкентте нейрохирургия саласының дамуы қарқын алған. Қалалық №2 аурухананың дәрігерлері былтыр 200-ден астам науқасқа күрделі ота жасап, дерттен аман алып қалды. Жоғары технологиялы және қымбат бағалы медициналық көмек МӘМС жүйесі есебінен қаржыландырылуда, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Білікті нейрохирургтар құрамы таяу күндері ми тамырының қапшықты аневризмасы анықталып, өміріне қауіп төнген 48 жастағы әйелді құтқарды. Ота 3 сағатқа жалғасқан. Бас миына қан кету қауіпі профилактикалық тексеру кезінде белгілі болған. Әбүйір болғанда ауру дер кезінде анықталып, медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда пациенттің жағдайы жақсы және дәрігерлерге алғысын білдіруде.
-Биылғы жылдың өзінде бас ми ісіктері, бас-ми қан тамырлары және омыртқа патологиялары сынды ауруларға 40-қа жуық күрделі ота түрлерін жасадық. Бұл операциялардың бағалары қымбат тұрады. Бірақ, науқастарға барлық медициналық көмек тегін көрсетіледі, -дейді Шымкент қалалық №2 аурухананың бас дәрігері Бахытжан Позилов.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен күн сайын жоғары технологиялық оталар жасалады. Күрделі операциялардың құны бірнеше миллион теңгені құрайды. Шымкент қаласы бойынша былтыр 1500-ға жуық жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілген.
Айтарлықтай қаржыландыру кардиохирургиялық және нейрохирургиялық операцияларға бағытталады.