Еңбекқор әйелдер – қоғамның қозғаушы күші

Еңбекқор әйелдер – қоғамның қозғаушы күші

Шымкент қаласында «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай «Қолында құрал, жүрегінде арман: Еңбекқор әйелдер» атты кездесу өтті. Іс-шараны Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты – жастарды, әсіресе қыздарды еңбекке ынталандырып, олардың өзіне деген сенімін арттыру, болашақ аналар мен қоғамның белсенді мүшелерін тәрбиелеуге ықпал ету, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Кездесуге әртүрлі салада қажырлы еңбек етіп жүрген әйелдер қатысты. Олардың қатарында Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова, кран операторы Наргүл Әлімова, “Luxcar” тігін студиясының директоры Олимпия Халматова, ТОО “Гауһар” тігін фабрикасының кәсіпқой тігіншісі Маржан Айбабева болды.
Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова кездесуде әйелдердің тек отбасы шеңберінде ғана емес, қоғамда да маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
- Қазіргі заманда әйелдер тек ана ғана емес, қоғамның белсенді мүшесі, кәсіпкер, жұмысшы, көшбасшы бола алады. Бастысы – өзіңе деген сенім мен табандылық. Әрбір қыз бала болашақта өзін қандай салада көргісі келетінін нақтылап, сол бағытта еңбек етуден қорықпауы керек. Қиындықтар болады, бірақ еңбекқорлық бәрін жеңеді, – деді ол.
Жұмысшы мамандықтар – қоғамның негізі. Осы ретте, нәзік жандылардың да еңбегі орасан. Кран операторы Наргүл Әлімова ауыр жұмыс ер адамдарға ғана тән деген таптаурын пікірді жоққа шығарды. Ол өзі еңбек етіп жүрген саладағы тәжірибесімен бөлісті.
“Менің кәсібім көбіне ер азаматтарға арналған деп есептеледі. Бірақ менің осы салаға келгеніме еш өкінбеймін. Кез келген мамандықты игеру әйел адамға да қолжетімді. Бастысы – өз ісіңді жақсы көру, дамуға ұмтылу және ештеңеден қорықпау. Қыздардың көбі нәзік мамандықтарды ғана таңдайды, бірақ техникалық немесе өндірістік салаларда да әйелдердің алар орны ерекше. Бастысы жауапкершілік. Бұл салада табыс өте жоғары”, – дейдң Наргүл Әлімова.
Ал, шағын кәсіптен үлкен тігін студиясын ашып отырған Олимпия Халматова кәсібін қалай бастағаны туралы айтып, тігін өнерінің маңыздылығына тоқталды.
- Тігінші болу – тек ине-жіп ұстау емес, бұл – өнер. Сән әлемінде үлкен өзгерістер болып жатыр, ал біз сол өзгерістердің бір бөлшегі бола аламыз. Жас қыздар өз қолымен бір нәрсе жасаудың ләззатын сезінуі керек. Еңбек етсең, нәтиже де болады. Қазір тігін саласына сұраныс жоғары, сондықтан бұл мамандықтың болашағы зор. Жалпы, қолөнер – еңбек пен шығармашылықтың үйлесімі,-дейді «Luxcar» тігін студиясының директоры Олимпия Халматова.
Кездесу жылы әрі ашық пікір алмасу форматында өтті. Жас қыздар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы мағлұмат алды. Спикерлер жастарға еңбекқорлық, кәсіби дамуға ұмтылу, өз ісіне адал болу сияқты құндылықтарды ұстанудың маңыздылығын жеткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамдағы әйелдердің рөлі мен жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын насихаттау бағытында түрлі кездесулер болады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ