Балалардың әл-ауқаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету - мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалардың құқықтарын қорғау жүйесін нығайту бойынша ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар іске асырылуда. 2024 жылы заңнаманы жетілдіру мақсатында балалардың құқықтарын қорғау саласында 6 негізгі заң қабылданды. ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ОКҚ брифингінде жаңадан қабылданған құжаттардың негізгі тетіктері жайында айтты, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысаны үшін жауапкершілікті қатаңдататын нормалар енгізілді. Сондай-ақ құрылыс компанияларын терезелерге құлыптар немесе қауіпсіздік тетіктерін орнатуға міндеттейтін нормалар енгізілді.
«Баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынып, оған әкімшілік жауапкершілік көзделді. Балаларды саудалаудан қорғау үшін алдын алу шаралары енгізілді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтының мәртебесі нығайтылды – балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін тиімді іске асыру үшін елдің әрбір өңірінде оның өкілдері тағайындалды. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары мамандарының штат санының нормативі белгіленді – 5 мың балаға бір маманнан кем емес, бұл бір жылда мамандар санын 400-ге жуық бірлікке ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл қадам балалардың құқықтарын қорғау деңгейін айтарлықтай арттырады. Тәлімгерлік институты енгізілді, бұл – жетім балалардың қоғамда әлеуметтенуі үшін маңызды қадам», – деді спикер.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, бүгінде барлық мемлекеттік балабақша, мектеп пен колледж заман талабына сай бейнебақылау жүйелері және бақылау құрылғыларымен жабдықталған. Аталған жұмыс жеке меншік білім беру ұйымдарында да жалғасуда. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап балалардың түрлі өмірлік жағдайларда өз әрекеттеріне сенімділігін қалыптастыруға бағытталған «Жеке қауіпсіздік сабақтары» енгізілді. 2022 жылы жәбірлеу (буллинг) ұғымы заңнамалық түрде бекітілді.
«Буллингпен күрес шеңберінде: Буллингке қарсы «KiVa» бағдарламасы пилоттық түрде еліміздің 110 мектебінде жүзеге асырылуда; отандық «ДОСБОЛLiKe» буллингке қарсы бастамасы әзірленді, пилоттық жоба 50 мектепте ұйымдастырылуда. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жобаны еліміздің барлық мектептері мен колледждеріне енгізу жоспарланып отыр; мектептерде балалардың буллинг әрекеттері үшін олардың ата-аналарына әкімшілік жауапкершілік күшейтілді; мектептердегі психологиялық қызметтер мен мектепішілік есепке алудың бірыңғай қағидалары қабылданды. Бүгінгі таңда 82% есепке алынған балалар проактивті түрде қосымша біліммен қамтылған. Зардап шеккен балаларға жедел көмек көрсетуге мүмкіндік беретін ведомствоаралық жедел әрекет ету алгоритмдері қолданысқа енгізілді», – деді ведомство өкілі.