11 наурызда Қарағанды облысының әкімі – Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен жастар ісі жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Шараның басты мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын іске асыру тетіктерін жетілдіру, өзекті мәселелерді шешу. Жиында сөз алған Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айсулу Ерниязова жастардың бойындағы жасампаздық әлеуетін арттыруға жағдай жасалуы керектігін баса айтты. Ол, сондай-ақ жастар арасында патерналистік және қамқоршылық көңіл-күйді төмендетіп, өз бетінше шешім қабылдай алатын, жауапкершілікті сезінетін қоғамның белсенді мүшесін қалыптастыруды жұмыстың алғышарты ретінде атап өтті.
Басқосуда жастар саясатын дамытуға арналған стратегиялық жоспар ұсынылып, институционалды шаралар қарастырылды.
А.Ерниязова өңірдегі жастар саясатын дамыту бойынша стратегиялық жоспарымен бөлісті. Құжатта мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жұмысына қала және аудан әкімдерінің белсенді атсалысуын көздейтін шаралар қамтылған.
Жаңа стратегия жастар саясатын дамытуға арналған жобаларды бір жүйеге келтіріп, негізгі төрт бағытты қамтиды: «MEYIRIMDI SARYARQA», «SALAUATTY SARYARQA», «BILIMDI SARYARQA», «BELSENDI SARYARQA». Бұл жобалардың басты мақсаты – жастардың әл-ауқатын арттырып, қоғам өміріндегі белсенділігін күшейту.
Сонымен қатар, жастардың басын қосып, олардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған комьюнити-орталық – Жастар үйін ашу мәселесі көтерілді. Осыған байланысты мемлекет меншігіне қайтарылған Ленин атындағы кинотеатрды жастар қауымдастығын құру мақсатында пайдалану туралы ұсыныс айтылды. Заңсыз иеленген актив облыс прокуратурасының арқасында мемлекет меншігіне қайтарылған.
Жастардың ұсынысын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев толық қолдап: «Жастар мәселесіне жаңаша көзқарас керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мемлекеттік саясатты ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жаңа заман адамдарына бейімдеу керек», - деп ойын түйіндеді.
Облыс басшысының тапсырмасы бойынша бұдан былай қала мен аудан әкімдері жастар саясатын дамытуға белсенді атсалысу үшін арнайы KPI (яғни, жұмыстың қаншалықты нәтижелі орындалғанын өлшейтін көрсеткіш) енгізіледі.
Сонымен қатар, Ермағанбет Бөлекпаев Ленин атындағы кинотеатр ғимаратында Облыстық жастар үйін ашу ұсынысын қолдады. Облыс әкімінің айтуынша, комьюнити-орталық – жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттыратын, сонымен бірге, белсенді және жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыратын болашаққа салынған инвестиция.