Жерлесіміз Португалиядағы жарыста қола жүлдегер атанды

Жерлесіміз Португалиядағы жарыста қола жүлдегер атанды

Португалияның Портиман қаласында өткен дзюдодан жастар арасындағы Еуропа кубогы бәсекесінде жерлесіміз жүлдегер атанды. Әлемнің 300-ге жуық татами шебері қатысқан додада Тасним Абдуали 48 келіде қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.

Ұлттық құрама сапында 48 келіге дейінгі салмақта шымкенттік жас дарындар Тасним Абдуали мен Сабина Юлдашбекова сайыс көрігін қыздырды. Т.Абдуали алғашқы белдесуінде испан спортшысы Соуза Лавандейра Зелтияны иппон әдісімен айқын жеңіп, ширек финалда италиялық Аврора Платанияны қапы қалдырды.

Жартылай финалда испандық Пла Белмонте Клаудияға жол беріп, жұбаныш белдесуінде тағы бір жерлесіміз Сабина Юлдашбековадан басым түсті. Осылайша жас дзюдошы қола жүлдені еншілеп, Еуропа кубогындағы алғашқы үлкен жетістігіне қол жеткізді.

Айта кетсек, өткен жылы жастар арасында әлем чемпионатында Талғат Орынбасар қола жүлдеге ие болған еді. Биыл да жауапты бәсекелерде жерлестерімізден үміт күтеміз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ