«Біртұтас тәрбие» бағдарламасы 2023 жылы пилоттық режимде енгізіліп, 2024 жылы оның мазмұны толықтай жаңартылды. Қазіргі уақытта еліміздегі 20 мыңға жуық балабақша, 7 мыңнан астам мектеп және 700-ден астам колледж бағдарламаны іске асыруда. 14 наурызда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың ІV отырысында Мемлекет басшысы құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынғанын және бұл ұсыныспен толық келісетінін мәлімдеді. Бағдарламаның түпкі мақсаты – қоғамның мызғымас тірегі, әділеттіліктің, адамгершіліктің, жауапкершілікпен еңбек сүйгіштіктің айқын бейнесі болатын адал азамат қалыптастыру. ҚР оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында осылай деді, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бағдарлама балабақшадағы балалардан бастап бойдағы әдептілік, жауапкершілік, өнеге мен жасампаздықты дамытуды көздейтін түлек моделі арқылы іске асырылады.
«Бағдарлама мазмұнына сәйкес білім ұйымдарындағы тәрбие процесі құндылыққа және құзіреттілікке бағдарланған тәсілдер арқылы іске асырылады. Құндылықтарды бала бойына сіңіру олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес танымдық, практикалық және эмоционалды компоненттерді қамту арқылы жүргізіледі. Танымдық компонент – әрбір құндылықтың мәні мен мазмұнын ұғынуға қатысты ақпарат беру. Практикалық компонент – балалардың осы құндылықтарды іс жүзінде нақты әрекеттер арқылы іске асыруына мүмкіндік береді. Ал эмоционалды компонент – бұл құндылықтардың өмірлік әдетке, күнделікті дағдыға айналдыратын нақты құзіреттер», – деді спикер.
Осы мақсатта құндылықтар пән мазмұнына, сынып сағаттары мен сыныптан тыс тәрбие шараларына жүйелі түрде интеграцияланған. Жаңадан бекітілген Жалпыға міндетті білім беру стандартында бағдарлама құндылықтары базалық құндылықтар ретінде айқындалды. Тәрбие жұмысы осы тұжырымдамаға негізделген 6 жоба аясында жүргізілуде.
Сонымен қатар, министрлік мемлекеттік органдардың тәрбие жұмысына қатысты іс-қимылын Бағдарлама аясында біріздендіруді жүргізуде. Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері т.б. мемлекеттік органдар тарапынан ұсынылатын шаралардың барлығы тәрбие бағдарламасына сәйкестендіріп, бір жүйеге келтіріліп жатыр.
Сынып жетекшілерінің біліктілігін арттыра отырып, оқушымен, ата-аналармен жұмысты одан әрі нығайту қолға алынады. Қазіргі таңда 6800 мектепте Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылған.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – барлық балаларды қамтитын және ұлттық сипаттағы стартегиялық мәні бар ұзақ мерзімді құжат. Осы себептен, бағдарламаны дамыту бірнеше кезеңді қамтиды. 2025 жылы Бағдарлама аясында барлық қатысушыларды тартып, жекеменшік мектептермен жұмысты күшейтеміз. 2026 жылы Бағдарламаны қоғамға кеңінен тарату үшін пәрменді шаралар қабылданады», – деді вице-министр.
Бұл бағдарлама қазіргі сын қатерлердің алдын алуға және оның кері ықпалдарын төмендетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, «Адал азамат» тұжырымдамасының құндылықтарын ескере отырып мектептердің бірыңғай дизайн-коды әзірленеді.