Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторын екінші деңгейлі банктердің қаржыландыруын ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды салу және жаңғырту бағдарламаларын жүзеге асыруға назар аударылды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Үкіметтің бизнесті басымдық бере қаржыландыруға банктердің қатысуын ынталандыру бойынша жаңа тәсілдері қаралды.
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ЕДБ активтерінің тек 21,2%-ы бизнесті несиелендіруге тиесілі екенін, 16,5%-дан астамы кепілсіз тұтынушылық несиелерді құрайтынын, өтімділігі жоғары активтердің үлесі 29,6%-ға дейін өскенін баяндады.
Жаңа Салық кодексі жобасында корпоративтік секторды несиелеуден түсетін кірістер бойынша КТС мөлшерлемесін 20% деңгейінде сақтау, ал тұтыну секторы үшін 25%-ға белгілеу және бірқатар қаржылық операцияға қатысты шамамен 500 млрд теңгені құрайтын ҚҚС жеңілдіктерін алып тастау ұсынылады. Бұл шаралар салық төлемдерін ұлғайтуға, салық жүктемесін теңестіруге және банктер активтерінің құрылымын теңестіруге, олардың ресурстарын нақты экономикаға бағыттауға арналған.
Әлеуетті ЖІӨ шегін мақсатты түрде арттыру стратегиялық мақсат болуы тиіс. Бұл орта және ұзақмерзімді кезеңде Қазақстан экономикасының өнімділігін арттыру үшін инвестицияларды қандай бағыттарға шоғырландыру керек екенін және қандай институционалдық қолдау қажеттігін түсінуге мүмкіндік береді.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин кәсіпкерлікті қолдау мен несиелеудің негізгі құралдарын ұсынды. 2024 жылы Холдингтің экономика секторларын қолдауға қосқан жалпы үлесі шамамен 4 трлн теңгені құрады. 2025 жылы осы мақсаттарға қол жеткізу үшін қаржыландыру көлемін 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге дейін одан әрі ұлғайта отырып, шамамен 8 трлн теңге бағыттау жоспарлануда. ЕДБ-ны нақты секторды қаржыландыруға тарту шеңберінде өтімділікті арттыруға бағытталған бірқатар шара ұсынылады.
84 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Өндіріс, инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы салаларына басымдық беріледі. Мемлекеттік кепілдіктер ұлғайтылады, соның нәтижесінде құрылыс жұмыстары 13,1 мың шақырым автожолдар мен 585 шақырым теміржолдарды қамтиды. Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 5 жылда 13 трлн теңгеден астам, оның ішінде биыл – 1,2 трлн теңге инвестиция салынады. Тұрғын үй құрылысының рекордтық көрсеткіші – кемінде 19 млн шаршы метр үй салынады деп күтілуде. Нақты секторды қаржыландыруды ұлғайтуға бағытталған бастамалар ЖІӨ-нің өсуіне әкеледі.
Өз кезегінде, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Елена Бахмутова ЕДБ экономикаға несие беру көлемін арттыруды жалғастырып жатқанын айтты. 2024 жылы бизнес-қарыз алушылардың жалпы саны 441-ден 532 мыңға дейін өсті. Банк секторы жылдың бірінші айында іскерлік белсенділіктің дәстүрлі баяулауына қарамастан, тек қаңтар айының өзінде 1,1 трлн теңге жаңа несие берді.
Отандық банк секторының өкілдері ірі инвестициялық жобалар мен стратегиялық салаларды қаржыландыруға бағытталған «Бәйтерек» холдингінің бағдарламаларын іске асыруға белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар ШОБ кредиттеріне кепілдік беру қорын капиталдандыру, салық салу және әкімшілендіруді жетілдіру, қаржыландыруға қолжетімділігі бар салалар тізбесін кеңейту, кредит алу жылдамдығын арттыру үшін цифрландыру, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жақсарту мәселелері көтерілді. «ForteBank» АҚ басқарма төрағасы Талғат Қуанышев, «Еуразиялық банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Сатиева, «Банк ЦентрКредит» АҚ басқарма төрағасы Руслан Владимиров, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов ұсыныстарын айтып, сөз сөйледі.
Аталған ұсыныстарға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин түсініктеме берді.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр экономиканы қаржыландыру бойынша жаңа тәсілдерді бірлесіп енгізудің маңыздылығын атап өтіп, банк басшылығының назарын жергілікті қамту мәселесіне аударды.
«Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында ірі инфрақұрылымдық жобаларды салу және жаңғырту үшін екінші деңгейлі банктер ресурстарын пайдалану міндетін қойды.
“Бәйтеректі” капиталдандыруды ұлғайту экономикаға, оның ішінде екінші деңгейдегі банктер арқылы жоғары өтімділікті тартуға бағытталған. Бұл осы және кейінгі жылдары ел экономикасының дамуына елеулі серпін береді. Бұл бағдарлама барынша тиімді болуы үшін банктермен бірлесе, үйлесімді жұмыс істеу маңызды. Біз ашық жұмыс істеуге дайынбыз, қаржыландыру екінші деңгейлі банктермен бірге жүруі үшін барлық тетіктерін көрсетіп отырмыз, оған өз кезегінде даму институттары бұған көмектесетін болады.
Біз қолдайтын барлық жобаларда жергілікті қамтуға басымдық беріледі. Әрбір жобаны жіті қарайтын боламыз: Қазақстанда өндірілетін тауарлардың барлығы сырттан импортталмай, өзімізде сатып алынуы тиіс. Бұл жұмыс цифрлық форматта жүргізілуі керек.
Мемлекеттің көмегімен қандай да бір жөбаны жеңілдікті мөлшерлемемен жүзеге асырып жатқан кәсіпкер тауарды қазақстандықтардан сатып алуы қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.