Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еліміздің орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілген болатын. Бұл бастама оқушыларға мамандық таңдауда ерте бағыт-бағдар беруге, сондай-ақ, оқушылар, ата-аналар, педагогтер, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Педагог-кәсіптік бағдар берушінің негізгі міндеттері – оқушыларға мамандық пен білім бағытын таңдауда қолдау көрсету, кәсіптік бағдар беруге арналған іс-шараларды ұйымдастыру, оқушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен заманауи үрдістер туралы ақпарат беру. Шымкент қаласында қазіргі уақытта 300 педагог-кәсіптік бағдар беруші 7-сыныптан бастап оқушыларға болашақ мамандықты таңдауға көмектесуде. Сонымен қатар, 40 (мемлекеттік - 12, жекеменшік-28) колледжде кәсіби бағдар берумен арнайы қызметкерлер айналысады. Оқушылар арасында кәсіптік бағдарлау бойынша диагностикалау жұмыстары қолға алынған.
Қалалық білім басқармасы Жастар ресурстық орталығымен бірлесе сапалы және тиімді кәсіптік бағдарлау шеңберінде жылдық жоспарлар түзіп, бірқатар іс-шаралар атқаруда. Мектеп оқушылары үшін кәсіпорындарға экскурсиялар, ашық есік күндері, жәрмеңкелер, еңбек ардагерлерімен тұрақты кездесулер ұйымдастырылып жатыр. 2025 жылы да осы бағытта тиімді және нақты жұмыстар жүргізілмек.
Айта кетсек, ерте кәсіби бағдарлау жұмыстарының нәтижесінде қала оқушыларының IT саласына қызығушылығы артқаны анықталып отыр.