Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында 2025 жылғы өрт қаупі жоғары маусымға дайындық шаралары қаралды. ҚР экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Ол еліміздің мемлекеттік орман қорының аумағы 31 млн гектар, оның 13,9 млн гектары орманмен көмкерілгенін хабарлады. Ол Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ірі орман өрттерінің алдын алу үшін шаралар қабылдағанын атап өтті.
Ең алдымен, тізбені кеңейтуді және өртке қарсы техника мен жабдықтар санын ұлғайтуды көздейтін нормалар мен нормативтер қайта қаралып, бекітілді. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары облыс әкімдіктерінің ірі орман өрттерін жою үшін авиаотын құруға қатысты түзетулерге бастамашылық жасады, оларды осы айдың өзінде-ақ бірінші оқылымға шығару жоспарланып отыр.
Министр Үкімет қаулысына орман шаруашылығын утилизациялық алым есебінен жарақтандыруға қатысты түзетулер енгізілгенін айтты. Ол еліміздің оңтүстік және батыс аймақтары үшін өрт қаупі жоғары маусым 26 наурыздан, солтүстік және орталық аймақтар үшін 7 сәуірден, ал шығыс аймақта 14 сәуірден бастап белгіленгенін атап өтті. Сонымен қатар 2023 жылы бекітілген Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бірлескен бұйрығы орман өрттерін жою кезінде өзектілігін көрсетті.
Оның айтуынша, орман шаруашылығын жарақтандыруға 35 млрд теңге қарастырылған. Жыл басынан бері министрлікке қарасты мекемелер үшін 3,7 млрд теңге сомасына 136 шағын орман өрт сөндіру кешені мен 60 трактор жеткізілді. Маусым айының соңына дейін тағы 166 өрт сөндіру машинасы, 27 шағын орман өрт сөндіру кешені және 11,3 млрд теңге сомасына 15 трактор жеткізіледі.
«Облыс әкімдіктері орман шаруашылығын жарақтандыруға биыл жергілікті бюджеттен 6,3 млрд теңге және лизинг есебінен 20 млрд теңге бөлді. Осылайша, жыл соңына дейін әкімдіктердің орман шаруашылықтарына 26,3 млрд теңге сомасына 186 өрт сөндіру машинасын, 186 шағын орман өрт сөндіру кешенін және 247 трактор сатып алу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар еліміздің ең өрт қаупі жоғары 11 өңірінде орман шаруашылығын жаңартуға және 100% жарақтандыруға мүмкіндік береді», — деді Ерлан Нысанбаев.
Министр орман өрттерін анықтаудың және жоюдың тиімді тәсілі ормандарды авиациялық қорғау болып табылатынын, ол үшін орман қорының жанғыш учаскелерін авиацилық қорғау үшін шамамен 10,5 мың сағат мөлшерінде сағат ұшу нормасы белгіленгенін атап өтті. Алайда, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыландыру жеткіліксіз. Осыған байланысты ведомство басшысы осы маңызды мәселені шешуге жәрдемдесу жөнінде Премьер-министрге жүгінді.
Сондай-ақ ол орман өрттерін жою олардың уақтылы анықталуына байланысты екенін атап өтті. Осы мақсатта Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізуді жалғастыруда. Бүгінгі таңда ведомство басшылығының мәліметінше, өртті ерте анықтау жүйелермен қамту мемлекеттік орман қорының 1,3 млн га аумағын құрайды. Биыл аталған жүйе «Семей орманы» резерватында орнатылады. «Семей орманынан» бөлек өртті ерте анықтау жүйесі 23 орман шаруашылығында да енгізіледі. Жыл соңына қарай бұл жүйемен 5,6 млн гектар мемлекеттік орман қоры қамтылатын болады.
ҚР экология және табиғи ресурстар министрі сондай-ақ орман шаруашылықтарының биылғы өрт қаупі жоғары маусымға дайындық деңгейіне жүргізілген тексерулер туралы баяндады. Орман шаруашылықтары орман өрттерінің алдын алу шеңберінде 11 мың шақырым көлемінде минералданған жолақтарды дайындауды, сондай-ақ ұзындығы 310 мың шақырым қолданыстағы минералданған жолақтарға күтім жасауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар өңірлерде орман өртіне қарсы қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Осыған байланысты ведомство басшысы өңір әкімдерін ормандардағы өрт қауіпсіздігін сақтауға мұқият назар аударуға шақырды.
Министрдің мәліметінше, жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында жалпы ауданы 4,4 мың гектар болатын 25 орман өрті тіркелген. Талдау көрсеткендей, олардың шығуына өрттің даладан келуі және найзағайдан тұтануы негізгі себеп болса, ал таралуына қашықтық, жетудің қиындығы және жол қатынасының болмауы себеп.
«Облыс әкімдіктері дала өрттерінің алдын алу және жою, орман шаруашылықтарының күштері мен құралдарын толық жауынгерлік әзірлікке келтіру жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауы қажет. Қазгидрометтің болжамы бойынша, биылғы жаз өте ыстық болады. Облыс әкімдіктері ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша барлық шараларды қабылдауы қажет», — деп түйіндеді сөзін Ерлан Нысанбаев.