Ақтөбе өңірінде құрылыс маусымы жанданды. Бүгінде білім, спорт және денсаулық сақтау нысандары мен жол құрылысы қарқын алды, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақтөбе облысына сілтеме жасап.
Облыс орталығында №7, №8 және №51 мектеп-гимназиясына жапсарлас ғимарат салынып жатыр. Бұл осы оқу ордалары орналасқан ықшам аудандардағы 1300 оқушының білім алуына жағдай жасайды.
Ал облыстық мамандандырылған №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жаңадан бой көтеруде. Алматы ауданында орналасқан «Динамо» кешенінде 250 орындық трибуна қарастырылған. Спортшылар бір ауысымда баскетбол, волейбол, бокс және ауыр атлетика сияқты спорт түрлерінен жаттыға алады. Бапкерлер құрамы 10 адамнан құралмақ.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев және облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев құрылыс нысандарының ағымдағы жағдайын бағамдады, олардың сапасы және белгіленген мерзімдерге сәйкестігі тексерілді. Жауапты мердігерлерге жұмысшылар қатарын көбейту, кестеден ауытқымау және сапалы құрылыс материалдарын пайдалану керектігі айтылып, тиісті тапсырмалар берілді.