Шымкент: «Ер есімі ел есінде» патриоттық кеші өтті

Шымкент: «Ер есімі ел есінде» патриоттық кеші өтті

Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында «Ер есімі ел есінде» атты патриоттық кеш өтті. Іс-шара даңқты қолбасшы, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының - 115 жылдығы, Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың – 105 жылдығы және Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың – 100 жылдығына орай Жеңістің 80 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылды.

Аталған іс-шараға тыл ардагерлері - Қуанбеков Балтабай, Абдуллаева Марияш, Нұрсейітова Нүрия, ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі, ақын, Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, полиция полковнигі Маймақов Айболат, тарихшы  Мұхитхан Үмбетұлы,  ақын Сабырбек Нұрман, ҚР Ұлттық ұланы 6698 әскери бөлімінің тәрбие бөлімшесі бастығының аға көмекшісі капитан Шынжигитова Малика және «Отырар» колледжі мен ҚР Ұлттық ұланы 6698 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

Іс-шараның мақсаты - Жеңістің 80 жылдық мерекесіне орай жастарды тәуелсіздік пен бейбітшілікті бағалауға, өз елін, жерін сүюге тәрбиелеуге, еліміздің туын әрдайы биік ұстауға, сұрапыл соғыстағы қазақ елінің ерекше рөлі маң маңызын білуге, қазақстандықтардың майданда және тылда көрсеткен ерен ерлігін құрметтеуге шақыру, соларды насихаттау.

Шара барысында жастарға Ұлы Отан соғысының тарихы туралы, ата-бабаларымыздың сұрапыл соғыс кезіндегі көзсіз ерлігі мен жанқиярлығының арқасында бүгінгі бейбітшілік пен тұрақтылыққа, даму мен өркендеуге қол жеткендігі түсіндірілді.

Сондай-ақ, патриоттық кеш барысында қонақтар тарапынан соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлер туралы, олардың еңбектері, кітаптары мен тағылымды сөздері туралы жастарға кеңінен мағлұмат берілді.

Бүгінде Шымкент қаласында 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 1586 тыл еңбек ардагері, 166 Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагер, 70 соғыс ардагерінің жесірлері бар.

Шымкент қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы шешімі негізінде 1994 адамға мерекеге орай жалпы сомасы 147,1 млн теңге көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетілді.

Бұдан өзге, соғыс және тыл ардагерлеріне әкімдік пен кәсіпкерлер тарапынан түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп, қайырымдылық шаралар ұйымдастырылауда. Осы және өзге де жұмыстар жыл бойы жалғасады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ