Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге мереке немесе атаулы күндерге біржолғы әлеуметтік көмек, тұрғын үй жөндеуге, отынмен қамтамасыз етуге, коммуналдық қызметтердің төлеміне көмек және қоғамдық көлікте жүруге жеңілдіктер түрінде қосымша қолдау шараларын көрсетеді.
«Осылайша, 2025 жылы жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен: коммуналдық қызметтерге ақыны өтеуге 2,6 млрд теңге; тұрғын үйді жөндеуге көмек 21,5 млн теңге; отын сатып алуға 14,5 млн теңге; қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері 4,1 млрд теңге; дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша 48,5 млн теңге; тіс протездеуге 441,9 млн теңге; азық-түлік топтамасы 103,9 млн теңге көмек көрсету көзделген», – деді спикер.
Айта кетерлігі, соғыс ардагерлеріне берілетін біржолғы әлеуметтік көмектің жыл сайынғы төлемдері дәстүрге айналды. Әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі әрбір өңірде жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша бюджет мүмкіндіктеріне қарай жеке белгіленеді.
Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне жергілікті атқарушы органдар ҰОС ардагерлеріне бүкіл ел бойынша біржолғы әлеуметтік көмекті 5 млн теңге көлеміндегі бірыңғай мөлшерде көрсетті. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы азаматтарға, атап айтқанда: қоршаудағы Ленинград тұрғындарына – 60 мыңнан 200 мың теңгеге дейін; бұрынғы кәмелетке толмаған концлагерь тұтқындарына – 98 мыңнан 200 мың теңгеге дейін; ҰОС-ның қайтыс болған мүгедектер жұбайларына – 50 мыңнан 150 мың теңгеге дейін; ҰОС-да қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне – 50 мың теңге; тыл еңбеккерлеріне – 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін көмек көрсету көзделген.
Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан басқа да санаттарға мерейтойлық медальдар табыс етілді.