Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласы
Мемлекет басшысы ең алдымен Премьер-министр Мин Аун Хлайнға жуырда Мьянмадағы жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі мемлекет әрқашан өзара құрмет пен сенімге негізделген достық қарым-қатынастарды сақтап келе жатқанын атап өтті.
Кездесуде сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтуге жол ашатын мол әлеует бар екені айтылып, саяси және экономикалық қарым-қатынастарды нығайту перспективасын зерделеу мәселесі қарастырылды.
Қазақстан Президенті бизнес қауымдастық өкілдерінің өзара сапарларын ұйымдастырып, экономикалық ықпалдастыққа тың серпін беруді ұсынды.
Мьянма Премьер-министрі осындай қиын-қыстау кезеңде қолдау білдіргені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, кездесуде мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, көлік-логистика салаларында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері талқыланды.