Халқымыздың ХХ ғасырда басынан өткізген ең ауыр кезеңдерінің бірі — екінші дүниежүзілік соғыс. Тарихи деректер 1,2 миллион қазақстандықтың қан майданға аттанып, оның 600 мыңы сұрапыл соғыстан оралмағанын көрсетеді.
Қаһарман халқымыздың жаһанға уын шашқан фашизмді талқандап, күллі адамзатты озбырлықтан аман сақтап қалған Ұлы Жеңісіне бүгін 80 жыл толып отыр. Еліміздің түпкір-түпкірінде осынау тарихи оқиға кеңінен аталып өтіп жатыр.
Атап айтқанда, бүгін Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалдық кешенінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты іс-шараға жиналған көпшілік, ең алдымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнін шырқады. Еліміздің Әнұранын Ұлттық Ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінің оркесторы бастап орындады.
Мұнан кейін салтанатты жиынға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сондай-ақ, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен зиялы қауым өкілдері «Жұлдыз» және «Ұшақ» ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, Отан үшін от кешкен аталар рухына құрмет көрсетті. Гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқандардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагері, бүгінде 100 жасқа келіп отырған қадірлі қария Мұраталы Төлепбергенұлы да бар.
Қонақтар мемориалды кешен аумағында ұйымдастырылған майдан даласындағы жауынгерлердің өмірінен сыр шертетін театрландырылған көріністі тамашалады. Сонымен қатар, іс –шара Шымкент қаласының өнерпаздарының қатысуымен «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты патриоттық концерттік бағдарламасымен жалғасып жатыр.
Аталған іс-шара — Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған және жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, тарихты ұлықтау және жауынгерлердің ерлігіне тағзым ету мақсатында ұйымдастырылғанын айта кету керек.