Шымкент қаласында ауыл шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Биыл шаһар аумағында 23 мың гектар алқапқа бау-бақша мен көкөніс және түрлі дақылдар егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар – 7 мың гектарға, майлы дақылдар – 3,3 мың гектарға, мал азықтық дақылдар – 10,9 мың гектарға, көкөніс пен бақша дақылдары – 1,7 мың гектарға, ал, картоп – 100 гектар жерге егілді. Жалпы, барлығынан 81 мың тонна өнім жинау жоспарланған.
Мемлекет тарапынан шаруаларды қолдау үшін арзан бағамен жанар-жағармай жеткізіліп берілуде. Атап айтқанда, 2025 жылға шаруашылықтардан жалпы 919 тонна дизель отынына өтінім қабылданған болса, көктемгі егін егу жұмыстарына – 616 тонна, күзгі егін жинау жұмыстарына – 303 тонна жанар-жағар май бөлінді. Дизель отыны шаруаларға литріне 250 теңгеден ұсынылады.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жылыжай салып, халықты жыл бойына қажетті өнімдермен қамтамасыз еткен диқандарға да бюджет есебінен қомақты субсидия төленіп келеді. Нақтырақ айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, 1 гектар өнеркәсіптік жылыжайға 8 миллион 148 мың теңгеден астам, ал, 1 гектар фермерлік жылыжайға 4 миллион 858 мың теңгеден астам субсидия төленеді.
Осылайша, Шымкент қаласындағы өнеркәсіптік жылыжайлар мен фермерлік жылыжайларға субсидиялар төленуде. Жылыжай шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары биыл да жалғасады.
Шымкентте ауылшаруашылығы саласына инвестиция тарту, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, қайта өңдеу кәсібін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, маңызды жобалар іске асырылуда.
Солардың бірі, Түркияның «Alarko Holding» компаниясы Шымкентте 500 гектарлық заманауи жылыжай кешенін салып жатыр. Инвестициялық құны 650 млн АҚШ долларын құрайтын жылыжай іске қосылған кезде 2 мың адам жұмыс істеп, жылына 51 мың тоннаға дейін өнім өсіреді деп күтілуде.
Одан бөлек, Шымкентте Бозарық арнайы индустриалды аймағы құрылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және дайын өнім шығару жұмыстары жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар, Шымкентте мал шаруашылығы бағытында да оң динамика қалыптасқан. Қала аумағында бүгінде 73,1 мың бас — ірі қара, 93 мың бас — уақ мал, 18 мың бас — жылқы, 288,7 мың бас — құс тіркелген.
Биылғы қаңтар-наурыз айында 1,6 мың тонна ет, 6,8 мың тонна сүт, 895,5 мың дана жұмыртқа өндірілді. Жалпы жыл соңына дейін 7,6 мың тонна ет, 66,5 мың тонна сүт, 173,5 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарланып отыр.
Шымкентте ауыл шаруашылығы орнықты дамып келеді
