Шымкентте Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған конференция өтті

Шымкентте Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған конференция өтті

Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мархабат Байғұттың туғанына 80 жыл толуына арналған «Әдебиет әлемі әдемі» атты халықаралық конференция ұйымдастырылып, әдеби қауым мен руханият жанашырлары Шымкентте басы қосты.

Конференцияның басты мақсаты – Мархабат Байғұттың бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттап, оның шығармашылығын жас ұрпаққа үлгі ету, ұлттық руханиятты дамыту. Сонымен қатар, қалам тербеп жүрген жастарға шабыт сыйлап, әдебиеттегі дәстүр мен жалғастықты сақтап, нығайту болды.

Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде қонақтарға арналып жазушының шығармашылығына арналған кең көлемді кітап көрмесі, инсталляциялар мен экспозициялар ұсынылды.

«Мархабат Байғұт – қазақ әдебиетінің ғана емес, тұтас Оңтүстік жұртының рухани тірегі. Оның әрбір шығармасы – қоғамның айнасы, халықтың сөзі. Бұл конференция – тек еске алу емес, жаңа ұрпақпен әдеби байланыс орнатудың, рухани сабақтастықты жалғастырудың бір жолы. Әдебиетке шынайы жанашырлық осындай шаралардан көрінеді», – деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Кештің тізгінін белгілі қоғам қайраткері, Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов жүргізіп отырды.

Конференцияға Түркия, Қырғызстан, Өзбекстаннан арнайы келген жазушылар мен әдебиеттанушылар Мархабат Байғұттың қаламгерлік ерекшелігі, көркемдік стилі, драматургия мен публицистикадағы орны туралы баяндамалар жасап, өз естеліктерімен бөлісті.

Жазушының өмірлік және шығармашылық серіктестері, замандастары оның адами болмысы мен азаматтық ұстанымдары жөнінде сыр шертіп, әдеби кеңістіктегі орнын айрықша атап өтті.

Сонымен қатар конференция аясында өткен «Марха мақамдары» атты қалалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында оза шыққан жастар марапатталып, сахнада жазушының үздік шығармаларынан үзінділер оқыды. Бұл байқау – жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, көркем сөз арқылы рухани баюына жол ашты.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, әдебиет пен мәдениет жанашырлары, ғалымдар, студенттер мен мектеп оқушылары, жазушының отбасы мүшелері қатысты.

«Әдебиет әлемі әдемі» атты халықаралық конференция – тек бір қаламгердің мерейтойын атап өту емес, тұтас әдеби қауым үшін үлкен басқосу, пікір алмасу алаңы болды. Мархабат Байғұттың шығармашылығы арқылы ұлттық әдебиеттің терең тамырларын танып, жаңа буын қаламгерлерге бағыт-бағдар беру – осындай игі бастамалар арқылы жүзеге аспақ.

«Ұлт руханиятын ұлықтау – уақыттың емес, ұрпақтың еншісі. Ал Мархабат Байғұт секілді тұлғалар – сол руханияттың алтын көпірі», – деді шараға қатысқан бірқатар қонақтар.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ