Ауыл шаруашылығы алқаптарын үйірлі шегіртке зиянкестерінен қорғау және мониторинг жүргізу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Болжам бойынша, 2025 жылы үйірлі шегіртке зиянкестері 2,1 млн гектар аумаққа таралады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млн гектарға аз.
Үйірлі шегірткелердің көп таралуы Қостанай, Ақтөбе, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында күтілуде.
Мониторинг пен өңдеу жұмыстарына 4 625 адам тартылған.
Күрес шараларына барлығы 443 бірлік арнайы техника жұмылдырылуда, оның ішінде 31 аса жеңіл ұшақ, 24 авиация кемесі және 49 ұшқышсыз авиациялық жүйе бар.
16 мамырға дейін 1,7 млн гектар жерге тексеру жүргізілді, оның 605,2 мың гектары шегірткемен залалданған және өңдеуге жатады.
Қазіргі таңда еліміздің жеті өңірінде 416,5 мың гектар аумақта зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Мәселен, Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы өңдеу (368,7 мың га) аяқталуға жақын, тазалау жұмыстары жалғасуда. Жамбыл облысында негізгі өңдеу жұмыстары аяқталды (26,4 мың га), итальян прусына қарсы шаралар (4,6 мың га) жалғасып жатыр.
Итальян прусына қарсы өңдеу жұмыстары Ақтөбе облысында – 615 га, Алматы облысында – 320 га, Қостанай облысында – 790 га, Қызылорда облысында – 3 080 га, Жетісу облысында – 1 150 га аумақта басталды.
Қалған өңірлерде зиянкестердің таралу ошақтары анықталғаннан кейін күрес шаралары басталады.