Алматы қаласында Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының (ҚазҒЗВИ) 120 жылдығына орай «Қазақ ветеринария ғылымына 120 жыл: биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жетістіктер мен жаңа міндеттер» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханулы, Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы (WOAH) Бас директорының кеңесшісі Романо Марабелли, сондай-ақ Швейцария, Қытай, Оңтүстік Корея, Беларусь, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Грузия және басқа да елдердің жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Конференция ветеринария саласындағы ғылым мен тәжірибе арасындағы ынтымақтастықты нығайту, халықаралық тәжірибе алмасу және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен инновациялық технологияларды енгізудің стратегиялық бағыттарын айқындау мақсатында ұйымдастырылды.
Пленарлық отырыс аясында Тәуелсіздік жылдарындағы ветеринария ғылымының негізгі жетістіктері таныстырылды.
Ғылыми баяндамалармен отандық және шетелдік сарапшылар сөз сөйледі. Секциялық форматта жануарлардың инфекциялық, инвазиялық және бейинфекциялық ауруларын диагностикалау, алдын алу және емдеу мәселелері, биологиялық қауіпсіздік саласындағы биотехнологиялық жаңалықтар – зерттеуден коммерцияландыруға дейін, микроорганизмдердің молекулалық биологиясы мен геномикасы: биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ветеринария ғылымындағы пәнаралық тәсілдер: тәжірибе мен болашағы сияқты өзекті тақырыптар қаралды.
Екі күнге созылған іс-шара барысында қатысушылар зооноздық аурулар, заманауи диагностика және алдын алу әдістері, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздіктің жаһандық аспектілері бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады.