Әлемдік нарықта су тазарту және сумен жабдықтау технологиялары саласындағы ірі ойыншы – Aqualia компаниясы Қазақстанда кәріздік тазарту кешенінің құрылысы мен жаңғырту жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев делегациямен кездесу өткізді. Келіссөз барысында Aqualia компаниясының Орталық Азия бойынша бас директоры Хосе Мигель Сантос Гонсалес кәсіпорынның Еуропа, Латын Америкасы, Солтүстік Африка және Батыс Азияның 18 елінде жобаларды жүзеге асыру арқылы үлкен халықаралық тәжірибеге ие екенін атап өтті және Қазақстанның су инфрақұрылымын дамытуға үлес қосуға дайын екенін жеткізді. Іске асырылған жобалардың бірі – Грузияның су арнасын жекешелендіру мен басқаруға қатысу жобасы.
Тараптар Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы саланың инвестициялық әлеуетін, отандық өндірушілерді қолдау және өзара ынтымақтастықтың басқа да мүмкіндіктерін талқылады. Қанат Бозымбаев компанияны еліміздегі кәріздік тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңарту жобаларына қатысу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.
Компанияның қарқынды дамып жатқан қалалар мен агломерацияларда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігін қарастыру туралы шешім қабылданды. Aqualia Қазақстанда жобаларды ұзақ мерзімді негізде жүзеге асыру үшін өз тәжірибесін және технологияларын бөлісуге дайын екенін растады.