2025 жылғы 23 мамырда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Жасыл климаттық қордың (Green Climate Fund, GCF) өкілдері арасында кездесу өтті. Талқылау барысында Қазақстанда, әсіресе мұнай-газ және көмір салаларында, метан шығарындыларын азайту бойынша күш-жігерді үйлестіруге бағытталған, ЭЫДҰ-ның (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) қатысуымен көпжақты платформа құру бастамасын әрі қарай іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесуде ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ильяс, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен GCF өкілдері GCF-тің Дайындық бағдарламасы аясында жобалық ұсыныс әзірлеу бойынша өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқылады.
Негізгі назар институционалдық және қаржылық кедергілерді бағалауға, инвестициялық мүмкіндіктерді анықтауға және метан шығарындыларын азайтуға арналған экономикалық жағынан тиімді шешімдерді енгізуді ынталандыруға, сондай-ақ ең озық қолжетімді технологияларды қолдануға аударылды.
Атап айтқанда, Энергетика министрлігі тарапынан институционалдық және қаржылық кедергілерді жоюға бағытталған Әділетті энергетикалық көшу жөніндегі ұлттық платформа (JETP) құру мәселелері де талқыланды.
«Энергетикалық көшу инклюзивті, прагматикалық болуы тиіс және ұлттық басымдықтарды ескере отырып, өңірлік ортақ мақсаттарға сүйенуі керек», – деп атап өтті өз сөзінде ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ильяс.
Болашақта COP-30 конференциясына дейінгі жол картасын әзірлеу және мемлекеттік пен жекеменшік құрылымдар арасындағы рөлдерді бөлу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстың нәтижелері халықаралық климаттық қаржыландыруды жұмылдыруға және ұлттық көміртегі нарығын дамытуға негіз болады деп күтілуде.