Түркістан қаласында ҚР Оқу-ағарту министрінің «Бала үні – болашақтың үні» атты бастамасымен балаларға арналған «Балалар үні» өнер фестивалі өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, балаларды айтулы мерекесімен құттықтады.
– Бұл ерекше күн – болашағымыздың жарқын бейнесі саналатын сүйкімді балаларға деген шексіз сүйіспеншілік пен қамқорлықтың мерекесі. Әрбір баланың амандығы, бақытты балалық шағы – кез келген елдің, әр отбасының басты құндылығы. Біздің елімізде, облысымызда өсіп келе жатқан жасұрпақтың білімді, тәрбиелі, дені сау болып өсуіне барлық жағдай жасалып келеді. Мектептер мен балабақшалар бой көтеріп, түрлі мәдени-спорттық нысандар ашылуда. Бұл – Сіздердің болашағыңыз үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Фестиваль барысында облысымыздағы білім беру ұйымдарынан 20 мыңға жуық өнерпаз қамтылды. Бүгінгі қорытынды концертте сараптаудан өткен 600-ден астам оқушы өнерлерін ортаға салды.
Сонымен қатар қоғамның назарын баланың дауысына аудару, балалардың мектеп, қала және ел өміріне қатысуын кеңейту үшін арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беру бойынша балалардың пікірлері, идеялары мен тілектерін білдіруге арналған челлендж ұйымдастырылды.
Сондай-ақ өнер фестивалінде білім беру ұйымдары заманауи, тақырыпқа және талғамға сай жасалған ұлттық бұйымдар, әр түрлі заттардың қосынды шығармасы, тұрмыстық қолданбалы бұйымдар, оқушылардың жеке шығармашылық бұйымдары мен ұстаздармен біріккен композициялық жұмыстарының қолөнер көрмелері ұсынылды.
Оқушылар сахна төрінде ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізді насихаттап, жасөспірімдердің туған өлкесіне деген сүйсіпеншілігін ұлттық өнер арқылы көрсетті.