Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Германия Федеративтік Республикасы Бундесратының Президенті, Саар федералды жерінің Премьер-министрі Анке Релингермен кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Германияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі стратегиялық серіктесі ретінде атап, бұл ел экономикамыздың жетекші инвесторының бірі саналатынын айтты.
– Германия – біз үшін маңызды ел, Еуропадағы негізгі серіктесіміз. Сіздердің мемлекетпен ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, Германияға жасаған сапарым туралы ойыммен бөліскім келеді. Өзім бұрыннан жақсы білетін Штайнмайер мырзамен келіссөз жүргіздім. Ал парламентаралық байланыстарға келетін болсақ, мен ықпалдастықтың бұл бағытын қолдаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға еліміздің экономикалық саясатының басым бағыттары жайында әңгімелеп берді.
– Қазір ірі инфрақұрылымдық жобаларды, цифрландыру және жасанды интеллектті дамытуға күш салу керек деп ойлаймыз. Сонымен қатар көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларын да өркендету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан соңғы жылдары ауқымды саяси реформалар жүргізгенін жеткізді.
– Заңнамаға, ең әуелі, Конституцияға жасалған өзгерістер Қазақстанның жаңғыру жолына түбегейлі түскенін көрсетеді. Әрине, реформалар жалғасып жатыр. Құқық қорғау және сот жүйесіне де өзгерістер енгізілуі мүмкін. Бұл – өте маңызды. Бірақ мемлекеттің құрылымы, мен бұл жерде президенттік басқару жүйесі туралы айтып отырмын, бұрынғы қалпында сақталады. Өйткені қазіргідей алмағайып кезеңде мемлекеттің сипаты осындай болуға тиіс. Бұл біздің түсінігімізге сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Анке Релингер кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел игілігі жолында ортақ мақсаттарды ілгерілетуге дайын екенін жеткізді.
– Ой-пікір алмасуға уақыт бөлгеніңіз үшін көп рақмет. Сіздің ыстық ықыласыңызды Федералдық Президент Штайнмайерге жеткіземін. Ол – Қазақстан мен Орталық Азияның шынайы досы. Қазақстан орта держава ретінде біздің осы өңірдегі негізгі серіктесіміз, – деді Германия Бундесратының Президенті.
Кездесуде Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.