ҚР Парламенті Мәжіліснің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Мұхтар Тілдәбекұлы Ерман «Тассай» индустриалды аймағын аралап көріп, сондағы өндіріс орындарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалына сілтеме жасаған No-comment.kz.
«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2021 – 2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында кәсіпкерлікті дамыту бағытында нақты іс-шаралар қарастырылған. Осы бағдарламаның орындалу барысы мен кездесіп жатқан кедергілерді азайту – кәсіпкерлер мен депутаттың арасындағы әңгіме өзегі болды.
Тассай» индустриалды аймағы 89 гектар жерді алып жатыр. Мемлекет тарапынан бөлінген 1,06 миллиард теңгеге, жеке компаниялар 45,5 миллиард теңге инвестиция алып келген. Қазір мұнда 27 ,04 миллиард теңгеге 17 жоба іске асты. Ол кәсіпорындар жұмыс істеп тұр, өнім шығарып жатыр. Тағы 16 кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Біразы жақын арада іске қосылмақшы. Оларға жұмсалған қаржы 11,7 миллиард теңге.
Мәжіліс депутаты трансформатор шығаратын заводтың ішін аралады. Мұндағы шығарылатын өнімнің басым бөлігі шетелге сатылады. Елімізге валюта алып келіп жатыр. Індеттің экономикағы әсері тиіпті. Шетелдіктерден түсетін тапсырыс азайған. Дегенмен, өндірісті басқа бағытқа бұрып, жұмыс үш ауысымда ұйымдастырылған. Кәсіпорын басшысы зауыттың іргесіндегі жерге жұмысшылар үшін тұрғынүй салуға айналадағы көршілерімен келісе алмай отырғанын айтты.