Оның айтуынша, теміржол вокзалдарын қайта құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жөндеуді қажет ететін 125 вокзал анықталды, оның 21-і танымал туристік дистинацияларда орналасқан. Жұмыстар 2025 жылдың 14 сәуірінде басталды. Қайта құру барысында мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдай қарастырылады.
«Жаңа желілер салу, қолданыстағы учаскелерді жаңғырту және қазіргі заманғы реттеу жүйелерін енгізу жүргізілуде. Келесі айдың ортасында Достық-Мойынты учаскесінде екінші жол бойымен қозғалыс ашу жоспарда бар. Бүгінгі таңда барлық құрылыс жұмысы аяқталып қалды. Жобаны іске қосу учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға және пойыздардың жылдамдығын тәулігіне 1500 шақырымға дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деді спикер.
Ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарға сәйкес Алматы айналма жолының жобасы өз мәресіне жетеді деп күтілуде. Жобаны іске қосу Алматы торабын жүктемесін 40%-ға азайтуға және жүктерді жеткізу мерзімін 24 сағатқа қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Дарбаза – Мақтаарал және Бақты – Аягөз жаңа теміржол желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жобаларды іске асыру Орталық Азия бағытындағы өткізу қабілетін қосымша 20 млн тоннаға және Қытай бағытындағы өткізу қабілетін тағы 25 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жобаларды аяқтау тиісінше 2026 және 2027 жылдары жоспарланып отыр.
«Ағымдағы жылдан бастап Транскаспий маршрутының негізгі буыны болып табылатын трансқазақстандық теміржол дәлізінің ауқымды дамуы басталды. Осы мақсатта бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Бұл - Қызылжар-Мойынты жаңа желісінің құрылысы, Алтынкөл – Жетіген және Бейнеу – Маңғыстау учаскелерін жаңғырту, Қызылжар – Сексеуіл, Қандыағаш – Тобыл, Ақсу 1 – Дегелен – Жаңа-Семей, Шалқар – Бейнеу, Әлімбет – Никельтау учаскелерінде заманауи реттеу жүйелерін енгізу. Аталған жобалар бойынша мердігерлік ұйымдар анықталып, 2026 жылдың соңына дейін оларды аяқтау және пайдалануға беру жоспарлануда», –деп толықтырды Жәнібек Тайжанов.
2029 жылға дейін 16 мың шақырым теміржол учаскесінің 11 мың шақырымына жөндеу жүргізу көзделген.