2024 жылғы 8 қарашада «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Қагам» ЖШС-мен «ОАО-4», «ОАО-5» және «ЛОАО-4» газ құбырларын күрделі жөндеу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге жалпы сомасы 336,7 млрд теңгені (ҚҚС-мен бірге) құрайтын келісімшарт жасасты.
2024 жылдың қараша айынан бастап ауқымды жөндеу жұмыстары басталды. 2024–2026 жылдар аралығында 10 мыңнан астам ақаулы құбырды ауыстыру және жөндеу арқылы жою жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда келесі негізгі жұмыстар орындалды:
2024 жылы «ОАО-4/5» магистральдық газ құбырының біріктірілген учаскесіндегі жөндеу жұмыстары аяқталды, жоспарланған 809 құбыр секциясының орнына 867 ақаулы құбыр учаскесі ауыстырылды;
2025 жылы келесі учаскелерде жұмыстар жалғасуда:
«ОАО-4» МГ: 1134–851 км, 850–695 км, 695–598 км, 501–390 км және 390–311 км учаскелерінде 3 222 ақаулы құбыр жойылды (жоспар – 3 611);
«ОАО-5» МГ: 985–1134 км учаскесінде 108 құбыр жойылды (жоспар – 101).
Жалпы, 2025 жылы ОАО газ тасымалдау жүйесінде шамамен 6 596 ақаулы құбырды жою жоспарланған.
Аталған жобаны іске асыру магистральдық газ құбырларының сенімділігі мен өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, Ресейден Өзбекстан Республикасына табиғи газ транзитінің көбеюіне жағдай жасайды.
Энергетика министрлігі еліміздің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында газ инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі кешенді шараларды одан әрі жалғастырады.