Сондай-ақ спикер Президенттің «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасының маңыздылығын атап өтті. ЮНИСЕФ өкілі Қазақстанмен бірлесіп жүргізілген елдегі балалардың жағдайын бағалау жөніндегі МИКЗ ауқымды зерттеуінің нәтижелері туралы хабарлады. Мәліметтерге сәйкес, балалардың 75%-дан астамы денсаулық сақтау және білім беру салаларында үйлесімді дамуды көрсетеді.
«Бізді әкелердің балалардың ерте дамуына қатысуы туралы деректер қуантады. Бұл көрсеткіш 6%-дан 18%-ға дейін өсті. Бұл әкелер балалармен жиі ойнап, сөйлесе бастағанын білдіреді. Дегенмен, кез келген елдегідей, назар аударуды қажет ететін мәселелер әлі де бар. Біріншіден, бұл – аймақтағы үлкен қалалар мен елдімекендер арасындағы алшақтық. Екіншіден, 23% балалардың артық салмағы бар. Елде өңірлік мектептер үшін мектеп тағамдары мен мәзір стандарттары әзірленіп жатқаны қуантады», – деп қосты ол.
Алдағы бес жыл ішінде ЮНИСЕФ Қазақстанмен үш негізгі бағыт бойынша ынтымақтастықты жалғастырады. Біріншісі – ерте дамуға баса назар аудара отырып, әр баланың өмірінің сапалы басталуын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларында Үкіметпен бірлескен жұмыс. Екіншісі – зорлық-зомбылықтан қорғау және психологиялық денсаулықты қолдау. Үшіншісі – барлық бала үшін тұрақты және әділ даму.