Түркістан облысының прокуратурасы № 55 түзеу мекемесіндегі жаза өтеушілердің рухани-мәдени деңгейлерін көтеру,сауаттылықтарын ашу, денсаулықтарын шыңдау мақсатында «Рухани өркендеу – өз бақытыңды табу» жобасын қабылдады.
Осы жоба аясында жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен мекеменің медициналық бөлімі күрделі жөндеуден өткізіліп, соңғы үлгідегі медициналық аппаратуралармен жабдықталды.
Нәтижесінде, бұрын тек облыс орталығында көрсетілетін көптеген медициналық қызметтер түрі мекеме ішінде көрсетілетін болды. Соның ішінде, жеделдік пен қызмет сапасын арттыру мақсатында бейнемедицина және кешенді медициналық ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өтіп, бейнелеу, қөлөнері мен музыка секциялары ашылды.
Оларға 19 дана музыкалық аспаптар, соның ішінде фортепиано, аспаптардың білікті мамандарға арналған арнайы түрлері, 500 кітаптан тұратын кітап қоры, сурет салу құралдары, саздан өнер туындыларын жасау үшін қондырғы сыйға тартылды.
Бүгінгі күнгі талапқа сай жабдықталған футбол алаңы жасалып, футбол, волейбол, баскетбол секциялары ашылды.
Одан бөлек жаза өтеушілердің жанұя мүшелерімен хабар алмасуды жеңілдетумақсатында таксофондар саны 5-тен 20-ға, Skype 0-ден 5 орынға дейін ұлғайтылды.
Қосымша мамандық алу жағдайын арттыру үшін жылыжайда көкөніс өндіру,шаштараз шеберлерін дайындау колледждері ашылды.
Құрылыс материалдарын (шлакоблок, пеноблок, есік шығаратын) шығару, киім тігу цехтары іске қосылды.
«Бизнес-бастау» бағдарламасымен 15 жаза өтеушіге түзеу мекемесінен шыққан бойда өз кәсібін ашу үшін қайтарымсыз гранттар алу құқығын беретін сертификаттар тапсырылды.
Жасалған жұмыстармен таныстыру мақсатында түзеу мекемесінде футболдан, волейболдан, арқан тартудан, гир көтеруден жарыстар ұйымдастырылып, жаза өтеушілердің күшімен концерттер қойылды.