Түркістанда ата-аналар жиналысы өтті: «Отбасы тәрбиесіндегі құндылықтар» талқыланды

Түркістанда ата-аналар жиналысы өтті: «Отбасы тәрбиесіндегі құндылықтар» талқыланды

Түркістан қаласында ата-аналар мен педагогтар арасында ауқымды басқосу өтті. «Отбасы тәрбиесіндегі құндылықтар: өзектілігі және шешу жолдары» атты тақырыпта ұйымдастырылған бұл қалалық ата-аналар жиналысы балалар тәрбиесіне қоғам болып ықпал етудің өзекті мәселелерін көтерді. Іс-шараны Түркістан қаласы білім бөлімі ұйымдастырды.

Жиынды Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы ашып, бала тәрбиесінің басты ұясы – отбасы екенін, сондықтан ата-ана мен мектеп арасындағы бірлескен тәрбиелік жұмыстың маңызы зор екенін атап өтті. Ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіру, отбасындағы үлгі тәрбиенің күшін арттыру – қазіргі қоғамда басты міндеттердің бірі екені баса айтылды.

Жиын барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы сөз алып, отбасы институтын нығайтудағы мемлекеттік саясаттың рөліне тоқталды. Ол мектеп, ата-ана және жергілікті билік арасындағы сенімді байланысты нығайтудың маңызын атап өтті. Баланың тек білім алуы емес, тәрбиелі әрі саналы азамат болып қалыптасуы – баршамызға ортақ жауапкершілік екенін еске салды.

Келесі сөз алған Түркістан қаласының прокуроры Асхат Артықбайұлы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және заңдық жауапкершілік туралы нақты мысалдармен бөлісті. Ол ата-аналарды балалардың мінез-құлқына, достық ортасына және бос уақытты тиімді ұйымдастыруына жіті мән беруге шақырды.

Түркістан қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері, капитан Бекжан Әлімбайұлы өз сөзінде жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шараларына ерекше тоқталды. Балалардың суға шомылу кезіндегі тәртіп, отпен ойнау, үйде жалғыз қалу сынды қауіпті жағдайлардан қалай сақтану керектігі түсіндірілді. Ол ата-аналарға ТЖ кезіндегі алдын алу шараларын үйде де қайталап отыруды, балалармен бірге қауіпсіздік ережелерін пысықтауды ұсынды.

Сонымен қатар, Түркістан қалалық емханасының өкілі Мадина Шынасылқызы жасөспірімдер арасындағы психологиялық жағдай, стресстік күй, гаджетке тәуелділік және денсаулыққа зиян әдеттердің алдын алу жайында баяндама жасап, ата-аналарға нақты ұсыныстар берді.

Кездесу барысында Түркістан ҚПБ ЖПҚ ювеналды полиция тобының аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Керім Жақыпбекұлы мектеп оқушылары арасында тіркелген тәртіп бұзушылық жағдайлары мен кибербуллинг мәселесін қозғап, ата-аналардың қырағылығын арттыру қажеттігін жеткізді.

Жиынға қатысқан Түркістан қаласы әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжан Әбенқызы бала тәрбиесіндегі ана тәрбиесінің ықпалына тоқталып, ұрпаққа ұлттық салт-дәстүр мен әдептілік қағидаларын сіңірудің қажеттігін айтты.

Білім-инновация лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Санжар Нұранұлы тәрбиелік жұмыс пен мектептегі оқу-тәрбие бағдарламаларын үйлестірудің маңызын тілге тиек етті.

Жиын аясында ата-аналар назарына бала тәрбиесіне арналған бейнебаян мен сахналық көрініс ұсынылды. Көріністе отбасылық түсініспеушіліктің балаға психологиялық әсері, ата-ананың қолдауы мен мейірімінің маңызы көркем түрде жеткізілді. Бұл жиналғандар үшін ерекше әсерлі сәт болды.

Сондай-ақ, білім бөлімінің басшысы Бақытжан Төлімбет бала тәрбиесіне арналған, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын әдебиеттер тізімін ұсынып, ата-аналарды баламен бірге сапалы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырды.

Қорыта айтқанда, Түркістанда өткен бұл қалалық жиналыс – баланың болашағына деген ортақ жауапкершілікті сезінуге шақырған мазмұнды әрі пайдалы басқосу болды. Отбасы, мектеп және қоғам арасындағы сенімді серіктестікті нығайту арқылы ғана біз жас ұрпаққа жарқын әрі қауіпсіз болашақ қалыптастыра аламыз.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Теміртау қаласының №10 жалпы білім беретін мектебінде балаларға алғашқы стоматологиялық көмек көрсету және профилактика үшін заманауи жабдықтармен...

Кездесу барысында Қазақстанның өңірде тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы ел екені атап өтілді. Бұл қадам ұшу қауіпсіздігіне бақылауды...

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығы саласындағы ветеринариялық бақылау шаралары, сондай-ақ осы...