Түркістан мектептерінде жастарға арналған құқықтық қауіпсіздік сабағы өтті

Түркістан мектептерінде жастарға арналған құқықтық қауіпсіздік сабағы өтті

Түркістан қаласында жастардың құқықтық санасын арттыру және әлеуметтік қауіптердің алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. М.Әбенова атындағы жалпы білім беретін мектепте “Интернет алаяқтығы және лудомания – құқықбұзушылықтың алдын алу” және “Нашақорлыққа жол жоқ” тақырыптарында кешенді түсіндіру іс-шарасы өтті. Оған мектептің жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдері қатысты.

Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдерді заманауи әлеуметтік қауіптерден қорғау, олардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау болды. Мамандар жастардың күнделікті өмірінде жиі кездесіп жүрген мәселелерді нақты мысалдар арқылы түсіндіріп, олардан қорғану жолдарын көрсетті.

Кездесуде алғаш болып сөз алған Ішкі саясат бөлімі жанындағы “Жастар ресурстық орталығы” КММ инспектор маманы С.Ержанқызы, қазіргі жастар арасында лудомания мен интернет-алаяқтықтың кең таралып жатқанын айтып, бұл қауіптің түпкі себептерін түсіндірді. Оның айтуынша, әлеуметтік желілерде уақытты тым көп өткізу, құмар ойындарға оңай елігу, жалған қаржылық уәделерге сену сияқты факторлар жасөспірімдерді алаяқтардың құрбанына айналдырады.

Түркістан қалалық полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Н.Асқаров пен полиция аға лейтенанты Б.Алтынбек оқушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдерін баяндап, олардың салдары туралы түсінік берді. Фейк парақшалар, жалған байқаулар, “жеңіл табыс” схемалары – жасөспірімдер үшін жиі кездесетін қауіптер. Оқушыларға өз деректерін қорғау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдармен байланыспау секілді қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Сонымен қатар мамандар онлайн-ойындар мен бәс тігу платформаларына тәуелділік — лудоманияның алғашқы белгілерінің бірі екенін атап өтті.

Іс-шараның екінші бөлігі нашақорлықтың алдын алу тақырыбына арналды. Полиция қызметкерлері мен мұғалімдер оқушыларға есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны, психологиялық және әлеуметтік салдары туралы кеңінен айтып берді. Нашақорлық – тек денсаулыққа ғана емес, бүкіл отбасының, қоғамның тыныштығына тікелей қауіп төндіретін фактор. Мамандар бұл мәселені дер кезінде түсінудің, алдын алудың және қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және заң талаптарын сақтау туралы бейнероликтер көрсетіліп, нақты өмірден алынған мысалдар келтірілді. Бұл тәсіл оқушылардың ақпаратты жақсы қабылдауына және оны шынайы өмірмен байланыстыруына мүмкіндік берді. Оқушылар бейнематериалдар арқылы қиын жағдайға қалай түспеу керектігін көріп, өз ойларымен бөлісті.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ.Қожаахмет пен мұғалім А.Таукебаева оқушыларға осындай іс-шаралардың маңызын түсіндіріп, алдағы уақытта мұндай кездесулердің жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Олар құқықтық мәдениет бала кезден қалыптасатынын, сондықтан мектеп қабырғасынан бастап профилактикалық жұмыстарды белсенді жүргізу қажет екенін ерекше атап өтті.

Жиын қорытындысы бойынша оқушыларға арнайы жадынамалар таратылып, құқықтық кеңес берілді. Түркістан қаласында жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, интернет-қауіпсіздік мәдениетін дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Теміртау қаласының №10 жалпы білім беретін мектебінде балаларға алғашқы стоматологиялық көмек көрсету және профилактика үшін заманауи жабдықтармен...

Кездесу барысында Қазақстанның өңірде тәуелсіз Авиация әкімшілігін құрған алғашқы ел екені атап өтілді. Бұл қадам ұшу қауіпсіздігіне бақылауды...

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығы саласындағы ветеринариялық бақылау шаралары, сондай-ақ осы...