Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында елімізде заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Қостанай облысы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Арнаулы мемлекеттік қордан шамамен 5,4 млрд теңге қаржы бөлінді.
Бүгінде Тобыл қаласында халықтың 87,9%-ы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу үшін қалада ұзындығы 100 шақырымнан асатын су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Бұл мақсатқа Қордан 1,4 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ Арқалық қаласына су құбырын тартуға 872 млн теңге бөлінді. Жоба 13 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз етіп, 2025 жылдың соңына дейін сумен қамту деңгейін 96,5%-дан 100%-ға жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қарабалық, Денисов, Қостанай, Федоров, Бейімбет Майлин аудандары ауылдарында, сондай-ақ Арқалық қаласындағы Жастар ауылында жалпы құны 3 млрд теңгеден асатын су құбыры желілерін тарту жоспарланып отыр.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, қазіргі таңда орталықтандырылған суға қолжетімділік Қостанай қаласында 99%-ды, ал ауылдық елді мекендерде 90,3%-ды құрайды.