Сүтті мал шаруашылығы саласындағы ауқымды инвестициялық жобаны «Зенченко и К» сенім серіктестігі 2024 жылдан бастап Қызылжар ауданының Новоникольское ауылында іске асыруда.
Кешеннің жобалық құрылымына 7 ғимарат кіреді, олардың ішінде әрқайсысы 1280 басқа арналған 3 сиыр қорасы бар. Кешеннің ерекшелігі – бір уақытта 90 бас ірі қараны сауатын жоғары технологиялы «карусель» типті сауу қондырғысының болуы. Бұл сағат сайын 700 басқа дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп, өндіріс үдерісінің жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді.
Жобаны жүзеге асыру елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ішкі нарықты жоғары сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдық инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді.
Солтүстік Қазақстан облысы сүт өндірісі саласында тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2023 жылы жалпы саны 11 000 бастан асатын ІҚМ-ға арналған 19 жоба қаржыландырылып, олардың қуаты жылына 70 000 тонна сүт өндіруге жетті.
2024 жылы 17 сүт-тауар фермасы іске қосылып, тағы 8 жаңа жобаның құрылысы басталды. Бұл жобалар іске қосылған соң сүт өндірісі жылына қосымша 10 000 тоннаға артады деп күтілуде.
2025 жылы өңірде 17 млрд теңге сомасына 22 инвестициялық жобаны қаржыландыру жоспарланған. Олардың ішінде жалпы саны 7 000 басқа арналған 11 сүт-тауар фермасы бар. Бұл жобалар жылына 47 000 тоннаға дейін сүт өндіруге мүмкіндік береді.