Туристердің еліміздегі жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету — Үкіметте Президент тапсырмаларын орындау шаралары қаралды

Туристердің еліміздегі жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету — Үкіметте Президент тапсырмаларын орындау шаралары қаралды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елімізде туристердің жайлы және қауіпсіз болуын қамтамасыз ету мәселесі қаралды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысы барысында Қазақстанның туристік саласы жыл сайын дамып, өз әлеуетін арттырып келе жатқанын баяндады. Мәселен, 2024 жылы ішкі туристер саны 10,5 млн адамды, шетелдік келушілер – 15,3 млн-ды құраған. Бүгінде 87 ел үшін визасыз режим қарастырылған, 107 шет мемлекеттің азаматтары визаны электронды түрде рәсімдеуге мүмкіндігі бар.

Өз кезегінде ҚР ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомство тарапынан туристер үшін қолайлы жағдай жасау бойынша барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, олардың біздің елге кіру және болу рәсімдері жеңілдетілген. Бүгінгі таңда шетелдіктер тіркелу үшін полицияға барудан босатылды, қабылдаушы тарап бұл рәсімдеуді онлайн жүзеге асыра алады. Шетелдік қонақтар үшін қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қажетті және пайдалы ақпаратты қамтитын арнайы мобильді сайт құрылды.

Өңірлерде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шет тілдерін меңгерген туристік полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Туристік орындарда бейнебақылау жүйесі орнатылған, жеке тасымалдаумен айналысатын адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі, транзиттік көлік жүргізушілеріне көмек көрсетіледі.

«Мемлекет басшысы туризм индустриясы экономикалық өсімнің маңызды драйвері екенін бірнеше рет атап өтті. Біз Қазақстанның шетелдік туристерге достық пейілі бар, емін-еркін демалуға қолайлы ел ретінде тартымдылығын арттыру үшін қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылуда. Халықаралық әуе қатынастарының, теміржол және автокөлік бағыттарының географиясы кеңейтілуде. Шетелдік азаматтар үшін көші-қон рәсімдерін жеңілдету қолға алынды. Келген қонақтардың емін-еркін әрі қауіпсіз демалысына ерекше көңіл бөлініп отыр», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында көршілес елдерден келген туристерді қабылдау жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Бұл тәжірибені кеңінен тарату қажет.

«Туристік өнімдерді нақты туристік топтардың, әсіресе, шекаралас өңірлердегітуристерге бейімдеген жөн. Мұның шағын және орта бизнестің қызметіне ғана емес, сондай-ақ бағдарламалық-цифрлық өнімдерге де қатысы бар. Туристік локацияларда сапалы ұялы байланыс пен интернет болуға тиіс. Қонақ үйлер мен туристер жиі баратын басқа да орындарда қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік деңгейіне, сондай-ақ баға саясатының қолайлы болуына назар аудару керек. Туристер үшін келген сәттен бастап, бүкіл сапар маршруты бойынша және елден кеткенге дейін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырмалар берді.

Атап айтқанда, туризм және спорт министрлігі цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ұлттық туристік порталдың, eQonaq көші-қон сервисінің, такси қызметтерінің және туристерге арналған басқа да пайдалы ресурстардың функционалын кеңейту жұмысын жүргізуді тапсырды.

Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау министрліктеріне туристердің қауіпсіздік шараларын күшейтіп, шетел азаматтары үшін көптілді жедел желіні енгізу мәселесін пысықтауы қажет. Барлық туристік локациялар көптілді ақпаратпен қамтылу мәселесін пысықтау тапсырылды. 

Туризм министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, бір ай мерзімде шетелдік туристердің Қазақстанда жайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін әзірлеу тапсырылды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының әлеуметтік инфрақұрылымды құру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Ақмола облысында екі денсаулық сақтау мекемесі – Аршалы...

Астана қаласы әкімдігінің алдын ала бағалауынша, форум күндері елордаға 5 мыңнан астам шетелдік қонақтың келуі қонақ үйлер, мейрамханалар, көлік...