Түркістан облысында зиянкестермен күрес күшейтілді: 700 мың гектар жер химиялық өңдеуден өтті

Түркістан облысында зиянкестермен күрес күшейтілді: 700 мың гектар жер химиялық өңдеуден өтті

Түркістан облысында ауыл шаруашылығына зор зиян келтіретін аса қауіпті зиянкестерге қарсы күрес шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Биылғы жылы аймақта 700 мың гектардан астам егістік алқап химиялық өңдеуден өтті. Бұл — өңірдегі өсімдік шаруашылығын сақтау мен өнім сапасын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.

Өңделген алқаптардың ішінде 632 мың гектар жер жер үсті бүріккіш техникалармен өңделсе, 64 мың гектар ұшақтар арқылы (АН-2), 2 мың гектар аспалы бүріккіштермен, ал 1 мың гектарға жуық жер заманауи дрондар көмегімен дәріленді. Бұл жұмыстар зиянкестердің жаппай таралуын болдырмауға және ауыл еңбеккерлерінің еңбегін қорғай түсуге бағытталған.

Аталған мәселе облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыс қаласында өткен штаб отырысында Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу барысын жеке назарға алды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Түлкібас, Сайрам, Созақ, Отырар, Төлеби, Сауран аудандарында өңдеу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.

Ордабасы ауданында зиянкестердің ошақтары толығымен жойылып, аймақтарды санитарлық тұрғыдан тазалау жалғасуда. Сонымен қатар, Келес, Сарыағаш және Арыс аудандарында ауданаралық шекараларға арнайы техникалар жұмылдырылып, ықтимал қауіптің алдын алу шаралары күшейтілген. Ал Қазығұрт пен Шардара аудандарында зиянкестердің қайта пайда болу қаупіне байланысты кезекшілік тәртібі енгізілді.

Бұл ауқымды жұмыстарға қажетті химиялық препараттардың көлемі 100 тоннадан асып түсті. Қаржыландыру бірнеше көзден жүргізілуде: республикалық бюджет есебінен – 192 мың гектар, жергілікті бюджеттен – 180 мың гектар, сондай-ақ аудандық және қалалық кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы 300 мың гектардан астам алқапта жұмыстар атқарылды. Бұл өз кезегінде қоғам мен бизнестің ортақ жауапкершілік негізіндегі ынтымақтастығын айқын көрсетеді.

Нұрбол Тұрашбеков өңірдегі зиянкестермен күрес шараларының қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігін қадап айтты. Техникалар тәулік бойы ауысыммен жұмыс істеуі тиіс. Сонымен бірге тұрғындардан келіп түскен кез келген шағым мен ұсыныс шұғыл назарға алынып, жедел сарапталып, уақтылы жауап берілуі қажет екендігі тапсырылды.

Бұл шаралар — жай ғана маусымдық күрес емес, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық жұмыс. Түркістан облысы бұл бағытта жаңа технологиялар мен заманауи тәсілдерді кеңінен қолдана отырып, экологиялық қауіпсіздік пен өнімділікті қатар қамтамасыз етуге күш салып келеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі трансформациялануда. Осы жұмыстың негізгі құралдарының бірі - ҚР...