«Қазығұрт» индустриалды аймағы – өндірістік серпілістің жаңа кезеңі

«Қазығұрт» индустриалды аймағы – өндірістік серпілістің жаңа кезеңі

Түркістан облысының Қазығұрт ауданында орналасқан «Қазығұрт» индустриалды аймағы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды орталығына айналып келеді. Қазіргі таңда бұл аймақта жалпы құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 8 ірі жоба жүзеге асырылуда. Аталған жобалар сәтті іске асқан жағдайда 249 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Бүгінде индустриалды аймақта жалпы құны 2,2 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылып, нәтижесінде 123 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл – өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың нақты көрсеткіші.

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барып, индустриалды аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ол жаңа жобалардың жүзеге асырылу барысын бағалап, жауапты тұлғаларға тың серпін беруді және қосымша инвесторлар тартуды тапсырды.

Қазіргі уақытта аймақта бірқатар маңызды өндіріс орындары салынып жатыр. Мысалы, «Билол» ЖК тарапынан 3 гектар аумақта болат шарларын шығаратын зауыт салынуда. Зауыттың жылдық қуаттылығы 5 000–6 000 тонна, құрылыс жұмыстарының 80%-ы аяқталған, қажетті құрал-жабдықтар орнатылуда.

Сондай-ақ, 2024 жылдың мамыр айында екі жаңа жобаның құрылысы басталды. Оның бірі — «TIMUR.LES» ЖШС, ол жұмсақ полиуретан көбік, бағдарланған бөлшек тақта және жылына 10 000 дана жиһаз өндіретін зауыт салуда. Екіншісі — «AGRO irrigation» ЖШС, ол су үнемдеуге арналған полиэтилен құбырларын өндіретін кәсіпорын. Бұл жобаға 1,2 млрд теңге инвестиция салынған, жылдық қуаттылығы — 10 000 тонна. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындарға жер телімдері рәсімделіп, құрылыс жұмыстары басталды.

Сонымен қатар, «Сапа 2002» ЖШС 150 гектар аумақта жаңбырлатып суғару жүйесін енгізіп, ауыл шаруашылығы саласына да тың серпін беруде. Мұндай заманауи әдістер су үнемдеуді қамтамасыз етіп, өнімділікті арттыруға ықпал етеді.

Индустриалды аймақтың сәтті жобаларының қатарында «Көрік ШҚ» ЖШС да бар. Бұл кәсіпорын 2018 жылдан бері табиғи шырындар өндірісімен айналысып келеді. Жылдық қуаттылығы – 1 000 тонна. Сонымен қатар, 2019 жылы іске қосылған «CG Foods Central Asia» ЖШС компаниясы тез дайындалатын тағамдар өндірісін жүргізіп отыр. Кәсіпорын жылына 1 100 тонна өнім шығарып, Қазақстаннан тыс Ресей және Орта Азия елдеріне экспорттауда. Мұнда 100 адам жұмыс істейді.

Индустриалды аймақта «Асыл» ЖШС автоматтандырылған ауыз су жүйесі мен капсулалар өндіретін желіні іске қосты. Ал «Сабит» шаруа қожалығы «Ағанай» су қоймасына 200 мың шабақ жіберіп, балық шаруашылығымен айналысуда.

Бұл көрсеткіштер Қазығұрттың өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын қатар дамыту арқылы Түркістан облысының индустриалды өрлеуіне қосқан нақты үлесін көрсетеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі трансформациялануда. Осы жұмыстың негізгі құралдарының бірі - ҚР...