Түркістан облысында ауыл шаруашылығына зор қауіп төндіретін шегіртке зиянкестеріне қарсы жүйелі және ауқымды күрес жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 703 мың гектар жер зиянкестерге қарсы химиялық өңдеуден өтті. Оның 367,7 мың гектары жоспарлы түрде дәріленсе, қалған 335,2 мың гектар қосымша анықталған ошақтар негізінде, демеушілердің қолдауымен залалсыздандырылған.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен Келес ауданында өткен кезекті штаб мәжілісінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі қаралып, алдағы шаралар пысықталды. Шараға жауапты сала мамандары, ауыл әкімдері мен анықтаушы топ өкілдері қатысты.
Кездесуде баяндалған мәліметтерге сәйкес, шегіртке ошақтарының басым бөлігі залалсыздандырылып, қазіргі таңда экономикалық зиянды шегіне жетпейтін деңгейдегі алқаптарда тазарту жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Арыс қаласының Қожатоғай ауыл округінде орналасқан Басқарбек шаруашылығының жері, Сарыағаш ауданының Әлімтау, Жылға, Дарбаза ауыл округтеріндегі, Келес ауданындағы Жиделі, Ақтөбе, Жамбыл ауыл округтеріндегі жайылымдық жерлер күнделікті бақылауға алынып, қажет болған жағдайда жедел түрде дәрілеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, Бәйдібек ауданы мен Жамбыл облысы Сарысу ауданының шекаралас аймақтарында техникалар кезекшілік тәртібінде жұмыс істеуде. Бұл шекаралық аймақтарда зиянкестердің сырттан келу қаупі жоғары болғандықтан, мониторинг үнемі жүргізіледі. Анықтаушылардың соңғы есебіне сәйкес, қосымша 437 гектар жерді залалсыздандыру қажет екені анықталып отыр.
Облыс әкімінің орынбасары аудандардағы зиянкестерді анықтайтын мамандардың қатарын көбейтуді және техникалардың кезекшілігін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, Өзбекстанмен шекаралас аймақтарда зиянкестердің таралу ықтималдығына байланысты күнделікті бақылау жүргізіп, зерттеу нәтижелерін тәулігіне бір рет тапсыруды міндеттеді.
Бұл жұмыстардың барлығы облыстағы егістік алқаптарының өнімділігі мен ауыл шаруашылығы секторының тұрақтылығын сақтау мақсатында жүргізіліп отыр. Шегірткеге қарсы қолданылып жатқан химиялық препараттар арнайы рұқсат етілген, экологиялық талаптарға сай және ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтірмейтін құраммен таңдалып алынған.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес бір мезгілдік шара емес, ол көктемнен күзге дейінгі аралықта жоспарлы түрде жалғасатын стратегиялық жұмыс. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қауіпсіз сақтау, шаруалардың еңбегін зая кетірмеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бұл жұмыстардың басты мақсаты.
Аталған күрес шараларының нәтижесінде өңірдегі зиянкестердің таралу қаупі айтарлықтай азайып, ауыл шаруашылығы саласына төнетін экологиялық және экономикалық қауіптің алдын алу қамтамасыз етілуде.