Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4%-ға ұлғайып және 1,3 трлн теңгені құрады.
«Елімізде жыл сайын 20 млн тоннадан астам астық өндіріледі. Өткен жылы астық өнімі бойынша рекордтық жыл болды. 26,7 млн тонна астық бастырылды, бұл 2023 жылдың деңгейінен 1,5 есе артық. Аграралық салада өндірістің өсуі күріш, қарақұмық, майлы дақылдар, картоп сияқты басқа да негізгі дақылдарда байқалады. Мәселен, күріш 2023 жылдан 16%-ға артық бастырылып, 2024 жылы 563,1 мың тонна өнім өндірілді. Сол сияқты қарақұмық бойынша 118,1 мың тонна өнім жиналып, 2023 жылмен салыстырғанда, 42%-ға артық өнім өндірілді», – деді спикер.
Майлы дақылдар бойынша 3,2 млн тонна өнім жиналып, өсім 46%-ды құрады. Оның ішінде күнбағыс 35%-ға артып отыр. Картоп көлемі өткен жылдың деңгейінен 23%-ға асып, 2,6 млн тонна өнім жиналды.
Мал шаруашылығы саласы да оң динамика көрсетіп отыр. Ағымдағы жылдың 5 айында ірі қара мал басы 23,4%-ға, қой мен ешкі 7,8%-ға, жылқы 12,2%-ға, құс 2,2%-ға артқан. Ет өндірісі 3%-ға және құс еті 6,2%-ға ұлғайды. Жыл басынан бері 1,3 млн тонна сүт өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен 7,5%-ға артық және тауық жұмыртқалары 200 млн данаға артық.