Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық перзентхана» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында нәрестелер реанимациясы бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-неонатолог – Дүйсенбаева Бибігүл Сансызбайқызы 25 жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарып келеді.
Кәсіби қызметі барысында ол өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық және жоғары деңгейдегі кәсібилігімен ерекшеленіп, ұжым арасында беделге ие. Жауапкершілігі мол, медициналық этика қағидаларын қатаң ұстанады, әрбір жұмысын мұқият әрі сапалы орындайды. Науқастар мен олардың туыстарының өтініш-тілектеріне мұқият қарап, сауатты кеңес бере біледі.
Қазіргі таңда ол бөлімшедегі жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру бойынша кешенді жоспар құрып, оны жүйелі түрде жүзеге асыруда. Емдеу-диагностикалық процестерге жаңа технологияларды енгізуге белсенді атсалысады. Жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби дамуына үлес қосып келеді. Ұжымда жағымды психологиялық ахуал қалыптастыруға да ерекше көңіл бөледі.
Көп жылғы еңбегі мен медицина саласына қосқан үлесі ескеріліп, келесі марапаттарға ие болған:
- 2024 ж. – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі;
- 2011 ж. – Түркістан облысы әкімінің шешімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен наградталған.
Дүйсенбаева Бибігүл Сансызбайқызы – кәсібіне адал, жауапты, жоғары мәдениетті, салмақты маман ретінде медицина саласының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан абыройлы дәрігер.
Дүйсенбаева Бибігүл Сансызбайқызы – нәрестелер өміріне жауапты аса күрделі салада табандылықпен еңбек етіп келе жатқан, өз ісінің шебері. Оның басшылығымен реанимация бөлімшесінде медициналық көмектің сапасы айтарлықтай артты. Жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтап қалу жолында ол тек кәсіби білімін ғана емес, жүрек жылуын да аямай жұмсап келеді. Әрбір баланың өмірі үшін күрес – оның күнделікті басты миссиясы.
Бибігүл Сансызбайқызы кәсіби қызметімен қатар, жас аналармен де тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Олармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, күтім, тамақтандыру, алдын алу шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Оның сабырлы мінезі мен ілтипатты қарым-қатынасы жас аналардың сеніміне ие болып, сәбилерге дұрыс күтім жасауға бағыт береді.
Осындай жоғары деңгейдегі білікті мамандардың арқасында Шымкент қаласында неонатология саласы тұрақты дамып, сапалы медициналық көмек көрсету деңгейі жоғарылап келеді. Дүйсенбаева Бибігүл Сансызбайқызы – кәсібіне деген адалдығымен және өмірді сақтауға бағытталған қажырлы еңбегімен көпке үлгі болатын тұлға. Оның еңбегі – болашақ ұрпақтың денсаулығы мен амандығына негіз болар баға жетпес құндылық.
Көп жылдық тәжірибесімен танылған кәсіби неонатолог
