Түркістан облысының Сауран ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тарихи-мәдени орындардың бірі – «Үкаша ата» кесенесінің айналасында кең ауқымды тазалық және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл бастама «Киелі мекен» айдары шеңберінде іске асып отыр.
Киелі орындар – ұлт руханиятының тірегі. Сол себепті мұндай нысандардың экологиялық тазалығы мен көріктілігіне жіті мән берілуде. Акцияның басты мақсаты – тарихи және рухани маңызы зор нысандарды сақтау, оларды таза ұстау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі көрсету. Бұл жолғы шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, жергілікті тұрғындармен бірге сенбілікке белсене атсалысты.
Іс-шара аясында жалпы аумағы 90 гектарды қамтитын кесене маңында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Қураған шөптер шабылып, бей-берекет өскен ағаштар мен бұталар ретке келтірілді. Сонымен қатар кесенеден бастау алатын бұлақтың шамамен 100 метрге жуық арнасы ашылып, су көзі тазартылды. Бұлақ басындағы құдық маңы мен демалуға арналған орындар қоқыстардан толық аршылды. Бұл жұмыстар табиғи орта мен рухани мұра нысанының үйлесімін сақтауға бағытталған.
Экологиялық акцияға ауылдық округтерден келген 100-ге жуық ерікті мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Олар қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлестерін қосып, тарихи орынның көрікті келбетін қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Сенбілікке қатысқан азаматтар бұл игі істің маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта да осындай шараларға белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
«Үкаша ата» кесенесі – Түркістан өңіріндегі халық жиі баратын, рухани маңызы зор тарихи орындардың бірі. Киелі мекеннің аурасы мен табиғи келбетін сақтау – әрбір азаматтың борышы. Осы орайда аудан басшысы Мақсат Таңғатаров: «Таза әрі абаттандырылған киелі орын – халқымыздың мәдениеті мен тарихына деген құрметтің белгісі. Мұндай шаралар жүйелі түрде өткізіле береді. Бұл – тек сенбілік емес, ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі іс», – деп атап өтті.
Айта кетейік, Сауран ауданында 53 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Қазіргі таңда олардың барлығында тазалық пен абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылып, киелі мекендердің экологиялық ахуалы мен туристік келбеті жақсара түспек. Бұл қадам – өңірдің мәдени мұрасын сақтау және ішкі туризмді дамыту бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі.