ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелері жөніндегі Сараптамалық кеңестің (бұдан әрі – СК) бірінші отырысы өтті, оның мүшелері ведомствоның жұмысын жетілдіру жөнінде ұсыныстар береді, сондай-ақ жаңа бастамаларға баға береді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
СК құрамына денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларынан еңбек сіңірген мамандар, сондай-ақ жұмыс берушілер қауымдастықтары мен кәсіптік одақтардың өкілдері кірді. БҰҰ жанындағы Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің басшысы Әлихан Байменов тұрақты төраға болып белгіленді.
СК бірінші отырысын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ашты. Ол өзінің кіріспе сөзінде сарапшылардың пікірі ведомство реформаларының тиімділігін едәуір арттыра алатынын атап өтті.
«Бүгін Сараптамалық кеңестің бірінші отырысы өтуде. Оны құру идеясы Әлихан Байменовке тиесілі және біз оны толықтай қолдауға дайынбыз. Негізгі мақсат – жаңа бастамаларға сараптамалық баға беру, кәсіби пікірлер мен ұсыныстарды тыңдау. Бұл бізге әзірленетін шешімдердің сапасын арттыруға, сондай-ақ қоғамға сеніммен шығуға және азаматтардың өмірін қалай жақсартуға ниет білдіргенімізді түсіндіруге көмектеседі. Әрбір отырыста біз сарапшыларға аналитикалық материалдардың толық пакетін ұсынатын боламыз және әлеуметтік-еңбек саясатының барлық негізгі бағыттары бойынша мазмұнды ұсыныстарға сенеміз», – деп атап өтті Еңбек министрлігінің басшысы.
Министр отбасылардың әл-ауқатын бағалаудың скорингтік үлгісін көрсетті, сондай-ақ Бірыңғай цифрлық платформа арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру туралы ақпаратпен бөлісті.
Әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелері жөніндегі Сараптамалық кеңестің отырыстары ай сайын өткізілетін болады.