Амантурдиева Күлжахан Қонысбекқызы 1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы, Киров елді мекенінде дүниеге келген. 1982 жылы Г.С. Титов атындағы орта мектепті аяқтап, сол жылы Свердловск (қазіргі Екатеринбург) қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, 1984 жылы «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Екатеринбург қаласындағы №40 қалалық аурухананың хирургия бөлімінде бастап, 1990–1996 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы Фосфор клиникалық ауруханасының хирургия бөлімінде мейірбике болып қызмет атқарды.
1998 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан өңірлік орталығына қарасты ЦАХТиГ емханасында хирургия бөлімінің мейірбикесі ретінде жұмыс істеді.
2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасында мейірбике ретінде қызметін абыроймен атқарып келеді.
Күлжахан Қонысбекқызы — мол тәжірибесі бар, кәсіби міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға үлес қосып жүрген білікті маман.
Күлжахан Қонысбекқызы – өзінің кәсіби жолында сан мыңдаған науқасқа күтім көрсетіп, адам өміріне араша бола білген ақ халатты абзал жан. Ол үшін мейірбике болу – жай ғана мамандық емес, өмірлік миссия. Әр науқасқа жанашырлықпен қарап, олардың физикалық жағдайымен қатар, психологиялық жай-күйін де ескеріп, үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Медицина саласында 40 жылға жуық үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Күлжахан Қонысбекқызы тәжірибесімен, сабырлы мінезімен, ұқыптылығымен ерекшеленеді. Ол күнделікті қызмет барысында барлық мейірбикелік манипуляцияларды сауатты орындап, емдеу процесінің ажырамас бөлігіне айналды. Пациенттер оның кәсібилігіне ғана емес, адамгершілік қасиеттеріне де жоғары баға береді.
Күлжахан Қонысбекқызы емдеу ісіндегі дәлдік пен күтім сапасының маңызды екенін жете түсініп, әрбір тапсырманы тиянақты орындайды. Заманауи талаптарға сай білімін үнемі жетілдіріп, медициналық курстар мен семинарларға қатысу арқылы өз біліктілігін арттырып отырады. Сонымен қатар, жас мамандарға кәсіби бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуге әрдайым дайын.
Күлжахан Қонысбекқызы – мейірбикелік істі абыроймен атқарып жүрген үлгілі маман, медицина саласында еңбек адамының нағыз бейнесі.