«Жұмысшы мамандықтары жылы»: Биыл Алматыда техникалық бағытта оқитын жастар саны 48 мыңнан асты

«Жұмысшы мамандықтары жылы»: Биыл Алматыда техникалық бағытта оқитын жастар саны 48 мыңнан асты

2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл бастама елдің индустриялық әлеуетін нығайтуға, техникалық және кәсіби білім беруді дамытуға, сонымен бірге еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеруге бағытталған маңызды мемлекеттік шешім болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы Жолдауында арнайы атап өтіп, қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік жоғары бағалануы қажет екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, жұмысшы мамандықтары – экономиканың нақты тірегі. Сондықтан да бұл жыл тек формалды шара емес, еңбек нарығына жүйелі серпін беретін мүмкіндік.

2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда еңбекке қабілетті халықтың саны 9,6 миллионнан асты. Оның ішінде шамамен 2,3 миллион адам жұмысшы мамандықтары санатына кіреді. Жалпы еңбекке тартылған халықтың 76,9 пайызы жалдамалы қызметкерлер болса, қалған 23,1 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Жұмыссыздық деңгейі — 4,6 пайыз, бұл 451,5 мың адамға тең. NEET санатындағы жастардың үлесі — 6,2 пайыз, яғни оқымайтын әрі жұмыс істемейтін жастардың үлесі де назар аударуды қажет етеді. Алматы қаласы бойынша тіркелген жұмыссыздар саны 2025 жылдың алғашқы үш айында 31 477 адамды құрады, бұл жұмыс күшінің 2,7 пайызына тең. Бұл мәліметтер техникалық және кәсіби бағыттағы кадрларға деген сұраныстың күн санап артып келе жатқанын көрсетеді.

Алматыда жұмысшы мамандықтарын дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Қаладағы колледждер мен кәсіби білім беру ұйымдарында 2025 жылы 145 мыңға жуық мемлекеттік грант бөлінді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12 мың орынға артық. Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен колледждер мен өндірістік кәсіпорындар арасында дуальды оқыту жүйесі күшейтіліп, студенттердің тәжірибеден өту мүмкіндіктері кеңейіп отыр. Қазіргі таңда Алматыда техникалық бағытта оқып жатқан жастар саны 48 мыңнан асып жығылады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға өскен. Сонымен қатар колледж базаларында жаңадан 1 000 бейінді сынып ашылып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында республика бойынша 20 өңірде арнайы жол картасы қабылданды. Бұл құжатқа сәйкес, техникалық және кәсіби білім беру сапасын арттыру, өндірістік практика жүйесін реформалау және еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман дайындау басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Алматы қаласы да бұл бастамадан тыс қалған жоқ. Жергілікті колледждер құрылыс, электр энергетикасы, автоматтандыру, логистика және IT-инженерия салаларына бағытталған оқу бағдарламаларын кеңейтіп отыр. Бұл саладағы маман тапшылығы — ел экономикасы үшін үлкен сын. Сарапшылардың мәліметінше, алдағы бес жылда Қазақстанда 410 мыңнан 875 мыңға дейін жұмысшы маман қажет болады.

Бұдан бөлек, Алматыда техникалық білімді насихаттау мақсатында «Еңбек адамы» атты қалалық медиа-байқау ұйымдастырылып, үздік өндірістік мамандардың бейнесі БАҚ-та кеңінен таныстырылды. Бұл жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам болды. Сондай-ақ кәсіптік бағдар беру ісі де жандандырылды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Алматы мектептерінде 9–11 сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру шараларына 24 мыңнан астам оқушы қатысты. Бұл – жастардың мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауына үлкен әсер етеді.

Мемлекеттік деңгейде қолға алынған бастамаға сәйкес, субсидияланған жұмыс орындарының саны да артып келеді. Алматы қаласында 2025 жылдың алғашқы үш айында 8 900 адам субсидиямен жұмысқа орналасса, оның ішінде 3 200 адам – техникалық және кәсіби мамандық иелері. Сонымен қатар қысқа мерзімді қайта даярлау курстары арқылы жұмыссыз азаматтардың жаңа кәсіпті меңгеру мүмкіндігі кеңейтілуде. Бұл ретте еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік мәдениет мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің айтуынша, елімізде жұмысшы мамандықтарының экономикалық үлесі жыл санап артып келеді.

Жалпы, биыл елімізде еңбек адамының мәртебесін қайта қарауға, техникалық білімнің стратегиялық маңызын арттыруға бағытталған бетбұрысты кезең. Алматы қаласы бұл бастаманың алдыңғы қатарында жүріп, өндіріс пен білімді ұштастырып, келешек буынға сапалы әрі сұранысқа ие мамандықтармен болашаққа жол ашуда. «Жұмысшы мамандықтары жылы» – бұл науқан емес, экономикалық қажеттілік пен ұлттық әлеуеттің нақты көрінісі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ