Қазақстанның бес трансшекаралық хабы: қорытындылары мен жоспарлары

Қазақстанның бес трансшекаралық хабы: қорытындылары мен жоспарлары

«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығында 8 өндірістік ғимараттың құрылысы басталса, «Алатау» ИСЛК-да 10 инвестициялық жоба анықталып, 9 маусымда Ақтау портында контейнерлік хабтың алғашқы кешені іске қосылды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Осы және басқа да мәліметтер вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте өткізілген трансшекаралық хабтарды дамыту мәселесі жөніндегі жедел жұмыс тобының отырысында айтылды.

Сауда және интеграция министрлігінің үйлестіруімен Қазақстанда 5 трансшекаралық хаб іске асырылуда:

1. Жамбыл облысындағы «Алатау» индустриялық-сауда-логистикалық кешені (Қырғызстанмен шекарада);

2. Түркістан облысындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы (Өзбекстанмен шекарада);

3. Батыс Қазақстан облысындағы «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы (Ресеймен шекарада);

4. Маңғыстау облысындағы «Каспий торабы» хабы;

5. Жетісу облысындағы «Қорғас торабы» хабы (ҚХР-мен шекарада).

Жобаларды іске асыру барысы

«Орталық Азия» ХӨКО-да инженерлік инфрақұрылымның құрылысы қызу жүруде. 50 гектар учаскеде электр жеткізу желісі, автожол салынып, газбен жабдықтау жұмысы жүргізілуде. Ауданы 1580 шаршы метр болатын сегіз өндірістік ғимараттың құрылысы басталды. Олар медициналық бұйым, ПВХ өнімі, мақта өңдеу, органикалық қалдық, тамшылатып суару және басқа да өндіріс бойынша бизнес-жобаларды орналастыруға арналған.

Greenfield моделі шеңберінде сонымен қатар тоқыма кластері, күріш өңдеу, логистика және тамақ өнеркәсібі үшін учаске бөлу жоспарланып отыр. ХӨКО-нің іске қосылуы 2026 жылғы IV тоқсанға жоспарланған.

«Алатау» ИСЛК-ны басқарушы компания болып, наурызда «ROMSEY HOLDINGS KZ» ЖШС анықталды. Жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі – $200 млн. Инвестор қазірдің өзінде сыртқы инфрақұрылым бойынша құжаттаманы әзірлеуде. Мәлімделген 10 жобаның ішінде майлы дақыл мен бидайды, пластикті қайта өңдеу, кабель және фарфор өнімін өндіру, көкөністі қайта өңдеу бар. Келешекте автозауыт, балалар тағамы өндірісі, көрме кешені, қонақ үй және басқа да нысандар салынады. Іске қосу 2026 жылғы II тоқсанға жоспарланған.

Каспий торабы

Маңғыстау облысында Каспий торабының дамуы қарқынды жүріп жатыр. Негізгі жоба – Ақтау портының базасында контейнерлік хаб салу. Бірінші кешен 9 маусымда іске қосылса, екіншісі жыл соңында пайдалануға берілмекші. Жоба 2026 жылғы желтоқсанда толық іске асырылады. Ол порттың контейнерді өткізу қабілетін 70-тен 240 мың ЖФЭ-ге дейін арттыруға, сондай-ақ контейнерлерді ауыстырып тиеу, сақтау, жөндеу және теміржол инфрақұрылымы толыққанды контейнерлік парк қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Құрық портында әртүрлі жүкке арналған терминалдар мен логистикалық орталықты қамтитын «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы (инвестор – SEMURG INVEST) салынуда. Оның қуаттылығы шамамен 10 миллион тонна. Нысан 2026 жылы аяқталады.

«Еуразия» орталығы және Қорғас

«Еуразия» ТСО-ны іске асыру үшін «AQJAIYQ ӘКК» АҚ басқаруымен индустриялық аймақ құрылды. Мұнда асфальт бетоны зауытының құрылысы бойынша жоба жүзеге асырылуда. Жоспарда битум қоймасы, шиналар мен пластмассаларды қайта өңдеу, газдалған бетон кірпіш өндірісі және т.б. бар.

Алайда, одан әрі дамуға «Орынбор – Самара – Шығыс Еуропа» бағытындағы жүк ағындарының негізгі торабы ретінде хабтың болашағын айқындайтын толыққанды инфрақұрылым мен бірыңғай Тұжырымдаманың болмауы кедергі келтіруде. Отырыста вице-премьер Kazakh Invest компаниясына орталық инфрақұрылымының ағымдағы жай-күйіне толық бағалау жүргізуді тапсырды.

Осындай жағдай «Қорғас» ХӨКО-да байқалады. Ол Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытудың маңызды элементі және Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасының бөлігі. «Қорғас ХӨКО» АЭА аумағында 258 млрд теңге сомасына 45 жоба іске асырылуда. Оның 25-і практикалық іске асыру кезеңіне (213 млрд теңге) өтті.

Сонымен қатар отырыста Ұйғыр ауданында Халықаралық цифрлық көлік-логистикалық хаб пен «Көлжат» агроөнеркәсіптік аймағын құру жобасы талқыланды.

Жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға 1 тамызға дейін екі хабты — «Қорғас» ХӨКО және «Еуразия» ТСО дамыту тұжырымдамаларын дайындауды тапсырды. Бұл құжаттар олардың ел экономикасындағы және халықаралық логистикадағы рөлі мен қажетті қаржыландыру көлемі туралы нақты пайымды анықтауы қажет.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Нарманов Мейірбек Арынұлы – темір-бетон цехының басшысы, өндіріс саласында 47 жылдық еңбек өтілі бар, өз ісінің шебері. Жоғары кәсіби біліктілігі...

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін дамыту, сондай-ақ цифрландыру мен су...