Спикердің айтуынша, жедел жәрдем алғашқы «алтын сағатта» тиімді. Егер адам жарақат алғаннан кейінгі алғашқы 60 минут ішінде ауруханаға жеткізілсе, бұл оның аман қалуының жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, ерте және кеш асқыну қаупін айтарлықтай төмендетеді. 2024 жылы ЖКО салдарынан зардап шеккендерді Қазақстанда «алтын сағат» шеңберінде медициналық ұйымға жеткізудің орташа уақыты 35 минутты құрады.
Ұлттық жедел медициналық үйлестіру орталығының мәліметтері бойынша, 2024 жылдың 12 айында жарақат алуға байланысты 741 728 қоңырау түскен. Оның ішінде 47 814 шақырудың себебі жол-көлік оқиғалары. Өткен жылмен салыстырғанда қоңыраулар саны 3% - ға азайды. Алайда, ЖКО бойынша шақыртулар саны 4,6%-ға өсті. ЖКО-ның ең көп саны қалаларда тіркеледі. Олардың үлесі жағдайлардың 72%-ын құрайды. Оқиғалардың 14%-ы ауылдық жерлерде және 13%-ы трассаларда тіркелген. Медициналық авиация жарақатқа байланысты 536 рет ұшты. 747 жәбірленушіге көмек көрсетілді. Бригада ауыр науқастарды облыстық және республикалық орталықтарға 527 тасымалдауды жүзеге асырды. Шақыру орнында 46 операция жасалды.
«Заманауи технологиялардың арқасында біздің орталықта тірек-қимыл аппараты жарақаттанған науқастарға 183 телемедициналық кеңес қашықтықтан және жеке өткізілді. Былтыр стационарларда жарақаттар мен жазатайым оқиғаларға байланысты 240 мың адам емделді. Жыл сайын травматология және ортопедия бағыты бойынша 130 мыңнан астам операция жасалады. Осылайша, хирургиялық белсенділік 73,4%-ды құрады. Ең жоғары көрсеткіштер Астана, Алматы және Қарағанды облыстарында тіркелді. Өткен жылы жоғары технологияларды қолдана отырып 1556 операция жасалды», - деді спикер.
Сонымен қатар Олжас Бекарысов елдегі тізе және жамбас буындарын эндопротездеу технологиясының дамуы туралы айтты. Спикердің хабарлауынша, мұндай операциялардың саны жыл сайын артып келеді. Жамбас буынының бастапқы эндопротездеу тобында 50 жасқа дейінгі адамдар басым, ал тізе буынын эндопротездеу бойынша 60 пен 70 жас аралығындағы науқастар саны басым болады.